Петропавл тұрғыны Ерлік Ғаббасов Жұмысшы кентіндегі Лазутин көшесінде тұрады. Тұрғынның айтуынша, кеше жаңбыр басталысымен-ақ сағат 17.00 кезінде жарық сөніп қалған.
«Мен үйге 18.00-ден кете келдім. Жарық қана емес, телефон да істемей тұрды. Электр қуатын тек сағат 22.00-де берді. Содан бері бізде сөнген жоқ. Ал, көрші көшелер әлі күнге жарықсыз отыр», - дейді Ерлік Ғаббасов.
Жәния Қанапина Жұмысшы кентіндегі Панфилов көшесінде тұрады. Бұл көше тұрғындары кешеден бері электр жарығы берілмегенін айтады.
«Кеше сағат 22.00 кезінде берді де, түнгі сағат 00.00 шамасында қайта сөніп қалды. Біз жауынмен байланыстырып, берер деп күтіп отырмыз. Тоңазытқышымыз еріп, аға бастады», - дейді қала тұрғыны.
Петропавлды электр энергиясымен қамтушы компания – «Севказэнергосбыт» ЖШС диспетчерлік қызметінің мәліметінше, Жұмысшы кентін апаттық сөндіруге тура келген. 6 маусым күні болған жауын-шашын кезінде электр сымы үзілген. Қазіргі уақытта апаттық бригадалар жұмыс істеп жатыр, кей көшелерде электр қуаты беріліп, жағдай қалпына келді.
«Севказэнерго» АҚ баспасөз қызметі дабыл қағарлық жағдай болмағанын хабарлады. Алдағы уақытта аталмыш оқиғаның мән-жайын анықтап, жауабын бермек.
«Қазгидромет» РМК СҚО филиалының мәліметінше, өткен тәулікте өңірдің ауа райына солтүстік-батыстан келген циклон әсер еткен. Салдарынан екпіні секундына 15-20 метрге дейін жететін жел тұрып, бұршақ аралас жаңбыр жауды, найзағай ойнады. Мұндай ауа райы облыста бүгін де сақталмақ. Синоптиктер дауылды ескерту жариялады.
Бұған дейін СҚО-да 5 күнде жасөспірімдердің түнде серуендеуінің 84 дерегі тіркелгенін жазған едік.