Петропавлдағы 30 шақты саяжай қоғамы су астында қалуы мүмкін

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлдағы 136 саяжай қоғамының отыздан астамы көктемгі су тасқыны кезінде зардап шегуі мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавлда 136 бау-бақша серіктестігіне 47 мың саяжай учаскесі біріккен. Олардың бір бөлігі көлдердің және Есіл өзенінің маңына орналасқан. Биыл бұл учаскелер су астында қалуы мүмкін.

Петропавл маңындағы саяжайларда тұратындардың бірі - Анастасия Захарова. Оның үйіне жылда су кіреді. Былтыр көктемде су тасқынынан кейін «Қызыл Жарты ай» қоғамы қаржылай көмектесіп, саяжайын жөнге келтіріпті.

«ТЖД мамандары бізге күн жылына бастағаннан келіп, алдағы су тасқыны жайында ескертуде. 1 сәуірге дейін көшпек ойымыз бар. Су тасқыны келгенше дүниемізді, малымызды қауіпсіз жерге шығарамыз», - дейді Анастасия Захарова.

Петропавл қалалық төтенше жағдайлар басқармасының мәліметінше, 15 ақпан мен 15 наурыз аралығында саяжай тұрғындары үшін айлық өткізілді. Іс-шара барысында қауіпті аймақта орналасқан саяжайларда 242 тұрғын тұратындығы анықталған. Алайда олардың жартысына жуығы мамандардың ескертуінен кейін көшіп кеткен.

«Саяжай тұрғындарымен жұмысты тоқтатқан жоқпыз. Күнделікті аралап, жағдайларымен танысып, сақтық шаралары жайында айтамыз. Айдың басында саяжайларда 242 адам тұрса, қазір олардың 172 ғана қалды», - дейді Петропавл қалалық Төтенше жағдайлар басқармасының азаматтық қорғаныс тобының офицері Әлібек Борамбаев.

СҚО ТЖД алдағы 21-22 наурыз күндеріне ескерту жариялады. Мамандардың айтуынша, ауа температурасының жоғарылауына және жауын-шашынға байланысты өңірдегі өзендерде мұз еріп, су деңгейінің көтерілуі болжанған.