СҚО бойынша құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының мәліметінше, тез тұрғызылатын модульді аурухана 200 орынға шақталған. Оның 180-і стационарларда, қалғаны қарқынды терапия палаталарында болады. Ғимаратта әкімшілік, медициналық блок, қабылдау-диагностика бөлімшесі, ота жасау блогы бар жансақтау бөлімшесі және бір-бірімен байланысқан 5 палаталық бөлімше орналаспақ. Бөлмелер үш, екі және бір орындық болмақ.
Нысанның жалпы аумағы – 6800 шаршы метр. Құрылысты «KAZPACO» ЖШС-і жүргізіп жатыр. Астаналық компания бұған дейін дәл осындай ғимараттарды Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында тұрғызған екен.
«Құрылыс тамыз айында басталды. Жоспар бойынша 1 қазан ғимарат салынып бітеді. 19 қазанға дейін қажетті технологиялық қондырғылар орнатылады. Ғимаратты салуда арнайы блоктар пайдаланылады. Ол материал Нұр-Сұлтан қаласындағы Modex инновациялық зауытында әзірленеді. Құрылыс алаңына дайын күйінде жеткізіледі», - дейді СҚО бойынша құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Мұстафин.
Бүгінге дейін ғимарат іргетасының 90% құйылып, 56 блоктың 20 орнатылған. Ішкі және сыртқа желілер тартылып жатыр. Қазір құрылысқа 200-ге жуық адам тартылған.