Петропавлдағы қазақ театры құрылысы қазан айында пайдалануға берілмек

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда жоспар бойынша үш жыл бұрын пайдалануға берілуі тиіс қазақ театрының ғимараты келер айда толық салынып бітпек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін СҚО әкімі Құмар Ақсақалов Петропавлдағы жаңадан салынып жатқан қазақ театрының құрылысында болды. 2019 жылы іске қосылуы тиіс мәдениет нысаны мердігер компанияның өз міндеттемелерін уақытында орындамауынан салынбай тұрып қалды. Сот арқылы ол жосықсыз қызмет көрсету ұйымы деп танылып, құрылыс жергілікті компаниялардың біріне берілді.

Қазір мұнда жұмыс қызған. Құрылыстың 75-80 % атқарылды.

«Қазақ театрында әр қызметтің толық жабдықталған өз бөлмелері болады. Акустикалық жүйесі бар әрлеу материалдарын алыс шетелден әкеліп жатырмыз. Ол сахнада әртістен өнер көрсетіп жатқанда, қалғандары кедергі келтірмес үшін жасалған. Сондай-ақ дыбыс сапалы, таза шығуы үшін осындай қымбат және заманауи материалдарды қолданып жатырмыз. Екінші қабатта екі буфет болады. Ол көрермендер бір-біріне кедергі келтіріп, кезек күтпеуі үшін жасалған.

Қазан айында құрылысты аяқтауды жоспарлап отырмыз. Қазір бұл жерде 150 адам еңбек етіп жатыр. Демалыссыз құрылыс басында жүр. Биыл міндетті түрде театрды пайдалануға береміз. Жобаның жалпы құны 4 млрд теңге», - дейді СҚО құрылыс басқармасының басшысы Қайролла Ғалеев.

Қазақ драма театры 500 орынға шақталған. Мұнда 64 гридеу бөлмесі болмақ. Ал мәдениет нысаны қалыпты жұмыс істеуі үшін 350 адам жұмысқа алынбақ.

Мамандардың айтуынша, төбесі көпдеңгейлі болады, қабырғалары ұлттық нақышта безендіріледі. Ал мәрмәр баспалдақ ғимараттың көркін аша түспек.






Ашық көздерден алынған фото