Петропавлдағы лифтілердің жартысын алмастыру қажет

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Петропавлдағы 350 лифтінің тозығы жеткен 178-ін алмастыру қажет, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оны Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігінде өткен отырыста Петропавл басшысы Болат Жұмабаев айтты. Әкімнің сөзіне қарағанда, мерзімі өткен лифтілердің саны жыл сайын артпаса, кемімейді. Ал 2011 жылдан бері қалада небәрі 32 лифт жөнделген.

Жергілікті билік «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының бекітілуіне үміт етіп отыр. Аталған заң жобасының бір тармағы тұрғын үй инспекцияларының газбен қамту және лифтілерге қызмет көрсету саласындағы құзырет аясын кеңейту болмақ.

«Соңғы рет лифтілер 2011-2012 жылдары жөнделген. Жаңа заң қабылданса, біз оларды алмастыруға немесе жөндеуге бюджеттен қаражат бөле аламыз. Қаражат жинау қажет. Заң неғұрлым тезірек қабылданса, біз де лифтілерді соғұрлым ертерек жөндеуге жібере аламыз. Шамамен 2 млрд теңге қажет», - деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Өңір басшысы Петропавл ең алдымен қай үйлердің лифтілерін жөндеу керектігін анықтауды тапсырды.

Автор: Олеся Жуковень