Петропавлдағы Мир көшесіне Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі берілді

Фото: None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Петропавлдағы Мир көшесі бұдан былай Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен аталады. Қалалық мәслихаттың депутаттары көшеге Елбасы есімін беру шешімін бірауыздан қолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавл қаласының тұрақты комиссиясының отырысында мәслихат депутаттары қала әкімінің орынбасары Евгений Глотовтың ұсынысын бірауыздан қолдап, дауыс берді.

Петропавлдағы Мир көшесі - ең ұзын орталық көшелердің бірі. Шамамен 7 шақырымға созылып жатыр. Қаладағы негізгі және маңызды нысандардың көпшілігі осы көшеде орналасқан.

Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Евгений Глотовтың айтуынша, былтыр толығымен аббаттандырылды. Жарық беру жүйесі ауыстырылып, ағаштар егілді, көше жолдары жөнделді.

«Бұл көше тарихи маңызды тұлға - Елбасының есімімен аталуға лайық. Қала үлкейіп, дамып келеді. Бұл көшеде қаланың ескі бөлігі де, жаңа ықшам аудандары да орналасқан. Болашақта осы көшеге ескерткіш орнатып, саябақ ашу жоспарланған», - дейді қалалық мәслихаттың депутаты Павел Афанасьев.

Бұл шешім енді Республикалық ономастикалық комиссияда қаралмақ.

Соңғы жаңалықтар