«Севказэнерго» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, 2-Жылу-электр орталығының оранжереясы өткен ғасырда салынған. Кезінде жылыжай ретінде ғана қолданылып, көкөніс өсірілген. Тек соңғы жылдары ғана мұнда өсімдіктердің түр-түрі пайда болды.
Василий Костюков – жоғары білімі бар агроном. Сондықтан әр өсімдіктің бабын жақсы біледі. Жазда оранжереядағы температураны +20,+25 градустан асырмаса, қыста қатты аязда бақта +30 градусты ұстайды.
«Оранжереядағы гүлдердің түрін жылда аздап болсын көбейтуге тырысамын. Биыл Мәскеуден бөлме өсімдіктерінің жаңа түрлерін тапсырыспен алғыздым. Олар – гибискустың үш түрі, ипомеи-бататтың төрт түрі және лантана өсімдігі. Ипомеи-батат тек соңғы он жылдан бері ғана декоративті өсімдік ретінде өсіріле бастады, бұған дейін асқа пайдаланылатын. Түрлі-түсті жапырақтары гүлзарларға ерекше көрік береді», - дейді Василий Костюков.
Жылу-электр орталығының қызметкерлері бос уақытта, әсіресе қыста оранжереяға жиі келеді, бұл – олардың сүйікті демалыс орнына айналған. Ұнаған гүлдерінен өскін алып, өздері де өсіре алады. Василий Костюков олардың қолын қаққан емес, керісінше, өсімдікті күтіп-баптауда ақыл-кеңесін аямайды.
03:31, 28 Шілде 2023
Петропавлдағы жылу-электр орталығының оранжереясы жаңа өсімдіктермен толықты
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлдағы 2-Жылу-электр орталығының оранжереясы Мәскеуден әкелінген жаңа гүлдермен толықты. Бақ кәсіпорын қызметкерлерінің сүйікті демалыс орнына айналған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.