Петропавлды сумен қамту үшін балама көздер қарастырылып жатыр

Фото: Фото: Kazinform

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавлда бір тәуліктен бері су жоқ. Қазіргі уақытта мәселені шешу үшін апаттық-қалпына келтіру бригадалары жұмыс істеп жатыр. Бұл туралы қала әкімі Серік Мұхамедиев брифингте айтты. 

«Мен Петропавлдағы бірінші көтергіш станциясындағы жағдай 4 сағат ішінде дұрысталатындығын айтқан едім. Оқиға орнында апаттық-қалпына келтіру бригадалары жұмыс істеп жатыр. Нысан айналасына бөгет салынып, нығайтылған еді. Бүгінде тасқын су сол бөгеттің бойына жетті. Сондықтан жұмысшыларды қауіпсіз жерге шығаруға тура келді.

Бірінші вице-министр Роман Скляр мен облыс әкімі Гауез Нұрмұхамбетовтың тапсырмасы бойынша біз мұндағы энергияны қалпына келтірумен қатар екінші көтергіш сорғы станциясына су беру жұмыстарын бастадық. Су екінші деңгейдегі станция арқылы беріледі, жұмыс аяқталуға жақын. Тазарту қондырғыларын толтыру басталады. Біз балама ретінде суды Пестрое көлінен алуға тырысамыз. Талдау жүргізілді, су нормаға сәйкес келеді, ертеңнен бастап су беріледі, бірақ оны ішуге болмайды. Бұл техникалық су», - деді Серік Мұхамедиев.

Қала әкімінің айтуынша Петропавлда минималды су тұтыну тәулігіне 30-40 мың текше метр. Егер де екі балама су көзін қосқан жағдайда, ол қаланы сумен толық қамтуға жетпек.

«Бірінші көтергіш сорғы станциясына қосымша электр станциясы әкелінді, генератор апаттық жағдайда қосылады. Бірақ су сорғы станциясына жеткендіктен генераторды әзірге іске қоспайды», - деді қала әкімі.

Естеріңізге сала кетейік, кеше таңертең Петропавлда су беру тоқтап қалды. Тасқын сумен келген мұз бірінші көтергіш сорғы станциясына қуат беретін электр желісінің бағандарын құлатты