Петропавлдық бойжеткен шетелдік фильмдерді қазақша сөйлетіп жүр
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Петропавлдық бойжеткен Аяжан Қойшыбай қазақша фильм, мультфильмдер интернетте қолжетімді болуы үшін шетелдік туындыларды қазақша сөйлетіп жүр.
Аяжан — Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде соңғы курста оқиды. Болашақ мамандығының дубляжға қатысы жоқ, жоғары оқу орнында «Дизайнер-сәулетші» кәсібін меңгеріп жатыр.
— Дубляж жасауды өзіңіз үйрендіңіз бе? Не себеп болды?
— Дубляж менің өмірімде ойда-жоқта пайда болды. Пандемия басталып, ешқайда шыға алмай қалдық қой, сол кезде бар ермек әлеуметтік желі болды. Бірде TikTok қарап отырып, қазақ жастарының дубляж жасап, дыбыстағанын көрдім. Қызығып, мен де жасап көрмек болдым. Яғни, ешкім үйреткен жоқ. Кейін біраз машықтанып, дыбыстауды үйреніп, осы іспен айналысып жүрген әлеуметтік желідегі топтарға қосылдым. Әріптестерімнің кеңесінің көп пайдасы тиді.
— Бұл салада жүргеніңізге неше жыл? Бұл — табыс көзі ме, әлде хобби ме?
— Үш жыл, бірақ әрине, үзілістер болды. Қазір де қолым босаған кезде ғана айналысамын. Өйткені оқуым бар. Сол себепті дубляж мен үшін хобби. Бірақ тапсырыс түсіп, аз-маз табыс әкеліп жатады.
— Кәсіптің ерекшелігі неде? Жалпы жұмыс барысын айтып беріңізші…
— Дубляж — топтық жұмыс, өйткені жоба дыбысталған кезде бірнеше кезеңнен өтеді. Яғни, бір күндік жұмыс емес. Алдымен туынды таңдалады, кейін ол аудармашыға жіберіледі. Аудармашы оны оригинал тілінен қазақшаға аударады. Кейін рөлдерге бөледі. Біз танысып, дыбыстап болғаннан кейін монтажерге жібереміз. Ол дауысымызды жобаға қосып, өңдеп, тазалап, дайын етеді.
— Кез-келген адам дубляж актері бола ала ма? Қандай талаптар қойылады?
— Ең бастысы — қызығушылық, ынтаның болуы. Өйткені дауыспен көп еңбек ету керек, тілдің мүкістігі болса, оны жаттығулар арқылы қалпына келтіруге болады. Сынды қабылдай білу керек, өйткені, жұмыс барысында көріп жүрміз, біреуге дауысың ұнайды, біреу қабылдай алмауы мүмкін. Сондай-ақ, қазақша дубляж нашар, орысшасын көреміз дейтіндер бар, соған төтеп бере білу керек.
Алғашқы жобаларда дауысыңыз өзіңізге ұнамауы мүмкін, салдарынан сенімсіздік пайда болады. Бірақ мұның бәрі уақытша, талаптанып, орта жолдан тастап кетпей, тәжірибе, білім алу керек.
Әр істің тиімді-тиімсіз тұстары бар ғой. Бұл жұмыста ең бастысы — қазақша контенттің көбеюі. Қазақша фильм, мультфильмді интернеттен іздеп табу біз үшін қиын болмауы керек. Жаңа фильм шықты ма, ол қазақ тілінде бар, көре аласың дегендей. Бірақ, әзірге өкінішке орай, әсіресе балаларға арн
алған дүниенің барлығы — орыс тілінде. Соның кесірінен қазақ балаларының тілі орысша шығып, өз ана тілінде сөйлей алмайтын халге жеткен.
«Моана», «Муфаса: аң патшасы» мультфильмдері қазақша шықты. Бірақ бізде Петропавл кинотеатрларындағы сеанстарға қарасақ, орысшасы әлдеқайда көп. Уақыты да қазақ көрерменіне ыңғайсыз қойылған.
— Бүгінге дейін қандай жобаларда жұмыс істедіңіз?
— Дубляж жасау хобби болғандықтан, ресми жобаларға әлі қатысып көрген жоқпын. Dopamine Voice дубляж тобында болған кезде жапондық режиссер Хаяо Миядзакидің «Жаяу қамал» атты туындысын қазақша дыбыстадық. «Титандар шабуылы» анимесінің 10 бөліміне қазақша дубляж жасадық. Сол кезде басты кейіпкерлердің бірі Микаса Аккерманды дыбыстадым. Есімде қалған, мен үшін күрделі болған жоба. 20 минуттық фильмге отырмас бұрын 2 сағат дайындық жасайтынмын, яғни микрофон алдында отырып, өзіме дауысым ұнағанша дейін дайындалған кездерім болды. Қазір негізінен дорамалармен жұмыс істеймін. Соңғысы — «Қарапайым бір күн» атты дорама, жақында қазақша шықты. «Орда» дубляж студиясында жұмыс істеп жатырмын.
— Ол фильмдер қайда бар, көпшілікке қолжетімді ме?
— Dopamine Voice дубляж тобының және «Орда» студиясының Telegram каналдарынан көруге болады. Барлық жаңа жұмысымыз сол жерде шығып отырады.
— Дубляжды үйде жасайсыз ба? Сапалы шығу үшін қандай құрал-жабдықтар пайдаланасыз?
— Мен жұмыс істейтін дубляж студиялары басқа қалаларда болғандықтан, онлайн дыбыстаймын. Үйде дыбыс таза шығуы үшін гардеробтың ішінде отырып оқимын. Киім-кешек артық дыбыс, шуды өткізбейді. Дубляж жасау үшін аудиокартасы бар жақсы микрофон сатып алдым.
— Болашағыңызды осы дубляж саласымен байланыстырасыз ба?
— Мен үшін күрделі сұрақ. Өйткені қазір оқып жатқан мамандығым — дизайнерлік те қатты ұнайды. Дубляжды да тастағым келмейді. Қазір екеуін қатар алып жүруге мүмкіндік бар. Қалғанын уақыт көрсетеді.
Бұған дейін түрлі материалдан мүсіндер жасайтын СҚО-дағы балалар үйінің тәрбиешісі жайлы жазған едік.