Петропавлдық мұғалім Гиннесс рекордтар кітабына енді

Фото: Анатолий Висельскийдің жеке архивінен

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Петропавлда дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Анатолий Висельский екі саусақпен кермеде тартылып тұру бойынша әлемдік рекордты жаңартты. 

Осылайша италиялық спортшы Марчелло Ферридің нәтижесін жаңартты. Ферри 2 минут 1 секунд тұрса, Висельский 2 минут 7 секунд уақытқа дейін ілініп, бұрынғы рекордтан асып түсті.

Анатолий Висельский Тайынша ауданы Макашевка елді мекенінің тумасы.

11-сыныптан кейін М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің дене шынықтыру факультетіне оқуға түседі. Жоғары оқу орнын тәмамдағаннан кейін туған ауылына келіп, мектепте 6 жыл дене шынықтыру пәнінің ұстазы болды.

Кейін Петропавлдағы № 5 орта мектепке мамандығы бойынша мұғалім болып орналасады.

— Ойда-жоқта осы спорт түрінен рекорд жасағандар бар екенін білдім. Бірінші реттен-ақ әлемдік рекордтың нәтижесін қайталадым. Ал екі аптадан кейін Гиннесс рекордын жаңарттым. 

Қыркүйек айында өтініш беріп, жарты жылдан кейін сертификатты қолыма алып отырмын. Ресми түрде Гиннесс рекордтар кітабына ендім, — дейді петропавлдық ұстаз.

Анатолий бала кезінен спортқа жақын. Волейбол, футбол, баскетбол, үстел теннисін ойнап өседі.

Сонымен қатар ауыл мектебіндегі шағын тренажер залында жиі жаттығып, белтемірге тартылып, түрлі жаттығуларға ерекше көңіл бөлген.

— Рекордты жаңарту үшін екі аптадан артық тынымсыз жаттықтым. Екі саусақпен ілініп тұру оңай емес, терісі жыртылады, ауырады. Екінің бірінің қолынан келе бермейді, ерік-жігер болуы керек. Менің бала кезден спортпен шұғылдануым нәтиже берді.

Оқушыларым да, әріптестерім де құттықтап жатыр, үнемі қолдап отырады. Балаларға жетістікке жету үшін қиындыққа мойымау керектігін айтып отырамын. Ол тек спортқа ғана қатысты емес. Мақсат қойып, соған жету керек, — дейді мектеп мұғалімі.

Фото: Анатолий Висельскийдің жеке архивінен

 

Бұған дейін Новак Джокович ерекше рекорд орнатқанын жазған едік.