Петропавлдық шебер қазақтың ұлттық киімдерін қуыршақтар арқылы насихаттап жүр

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавл тұрғыны Гаухар Сағитова тігіншілік, суретшілік, мүсіндеу мен қуыршақ жасауды қатар алып жүрген шығармашыл жан. Ол зейнетке шыққаннан кейін де сүйікті ісінен қол үзбеген.

Фото: Гаухар Сағитованың жеке мұрағатынан

Шебермен шығармашылық жолы, шабыт пен армандары жайында әңгімелестік.

- Гаухар апай, шығармашылыққа қызығушылығыңыз қашан басталды? Алғаш қолөнермен айналысуыңызға не түрткі болды?

- Есімді білгеннен бері өнерге жақынмын. Кішкентай күнімнен тоқып, тігіп өстім. Мектепте оқып жүргенде өзіме көйлек тігіп алдым. Суретті жақсы салатынмын, сондықтан қабырға газеттерін безендіру де маған жүктелетін. Шығармашылық мен үшін кейін келген әуестік емес, өмірімнің бір бөлшегі болды.

Фото: Гаухар Сағитованың жеке мұрағатынан

- Өмір жолыңыз медицинамен байланысты болғанымен, мәдениет пен білім саласында да еңбек етіпсіз. Сол кезеңдер шығармашылығыңызға қалай әсер етті?

- Иә, фельдшер мамандығын алғаныммен, өмірде әртүрлі қызмет атқардым. Мектеп кітапханасында жұмыс істедім, қыс сайын қардан түрлі мүсіндер жасап, мұз қалашықтарын тұрғызатынмын. Балабақшада тәрбиеші болғанда қуыршақ театрының костюмдерін өзім тігетінмін. Бес жыл Мәдениет үйін басқарғанда да балалармен қойылымдар қойып, декорацияларды жасап, «Шебер қолдар» үйірмесін жүргіздім. Жас кезімде құрбыларым би кешіне киюге түрлі көйлектерге, күртешелерге тапсырыс беретін. Осындай жұмыстар шығармашылық қабілетімді шыңдай түсті.

- Қазір тек қуыршақпен ғана айналысасыз ба? Қазақы ұлттық қуыршақтарды жасау идеясы қалай келді?

- Бір күні ұлттық киім киген әдемі қазақ қуыршағын іздедім. Бірақ дүкеннен таппадым. Сонда «неге өзім жасамасқа?» деген ой келді. Менің қуыршақтарым - қиялымнан туған дүниелер. Ешқайсысы көшірме емес. Сондықтан әрқайсысының өзіндік мінезі мен ерекшелігі бар деп ойлаймын.

Фото: Гаухар Сағитованың жеке мұрағатынан

Киімге қажет маталар мен әшекейлерді базардан аламын. Қуыршақтың денесі мен шашын арнайы тапсырыспен алдырамын. Ең қиын жұмыс - шашын өріп, бекіту. Өйткені қуыршақтар шашсыз келеді. Әр бөлшегін қолмен жасап, ұсақ детальдарға ерекше көңіл бөлемін.

Фото: Гаухар Сағитованың жеке мұрағатынан

Алдымен образ ойымда қалыптасады. Кейін соған лайық матаны, түстерді, әшекейлерді таңдап, біртіндеп жасап шығамын. Кейде жұмыс барысында жаңа идеялар пайда болып, бастапқы ойым өзгеріп кетеді.

- Бір жұмысты аяқтауға қанша уақыт кетеді?

- Әртүрлі. Егер шабыт келіп тұрса, екі күнде аяқтаймын. Ал кейде бір бөлшегі көңілімнен шықпай, қайта-қайта өзгертіп, бір айға дейін созылатын кездер болады.

Фото: Гаухар Сағитованың жеке мұрағатынан

- Қуыршақтарыңыздың арасында тарихи тұлғаларға арналған образдар да бар екен…

- Иә. «Алтын» қуыршағым бар. Мен оны Томирис патшайымның бейнесінде елестеттім. Болашақта Айша бибі мен Қыз Жібек бейнелерін жасағым келеді. Қазақ тарихындағы көрнекті әйелдердің образдарын көбейткім келеді.

Фото: Гаухар Сағитованың жеке мұрағатынан

- Сіз үшін ерекше қымбат жұмысыңыз бар ма?

- Әр қуыршағым маған бірдей қымбат. Себебі олардың әрқайсысына көп еңбек пен уақыт кетеді. Тіпті жанымның бір бөлшегін бергендей боламын. Сондықтан ешқайсысын бөліп-жармаймын.

Жалпы, әр жаңа жұмыс алдыңғысынан күрделірек болады. Себебі өзіме талап қоямын. Әсіресе тарихи образдарға арналған қуыршақтар көп ізденісті қажет етеді.

Фото: Гаухар Сағитованың жеке мұрағатынан

- Жақсы шебер болу үшін не қажет?

- Өнерді өмір бойы үйрену керек. Табиғи икемнің болғаны жақсы, бірақ ең бастысы - еңбекқорлық пен ізденіс. Кейде өзім де жасап болған дүниеме қарап, «Мұны қалай жасағанмын?» деп таңғаламын. Шығармашыл адамдар мені түсінеді деп ойлаймын, үнемі бірдеңе істегің келіп, жан-дүниең тыныштық бермейді.

Фото: Гаухар Сағитованың жеке мұрағатынан

Қазір де қуыршақтардан бөлек қазақтың ұлттық өнерін насихаттайтын ерекше туындылар жасағым келіп жүр. Мәселен, ұлттық нақыштағы үлкен 3D картиналар жасап, көрме ұйымдастыру. Бірақ оған кең шеберхана керек.

Ал қуыршақтарым мектептерде, ұлттық мәдени орталықтарда тұрса екен деймін. Балалар оларды көріп, халқымыздың тарихы мен мәдениетіне қызығушылық танытса, мен үшін ең үлкен қуаныш сол.

Фото: Гаухар Сағитованың жеке мұрағатынан

Бұған дейін СҚО-да ағаш шебері қарапайым бөрене-бұтақтан өнер туындысын жасайтынын жазған едік.