Петропавлдың дизайн-коды қабылданбай, әзірлеушілерге кері қайтарылды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Петропавлдың жаңа дизайн-коды қала құрылысы кеңесіне қатысушылардың көңілінен шықпады.
Петропавл әкімдігінде өткен жиында павлодарлық компания дизайн-кодтың таныстырылымын жасады. Ол бойынша жергілікті жердің ерекшелігі ескеріліп, қаланың сыртқы келбеті, ғимараттардың қасбеттері, жарнамалар мен маңдайшалар, сондай-ақ кіші сәулеттік нысандар бірыңғай стильде, белгілі бір стандарттар мен түстік үйлесімге сәйкес әзірленіп, қалыптастырылуы тиіс. Сондай-ақ, мәтіннің екі тілде дұрыс аударылуы да маңызды.
Петропавл қалалық мәслихатының депутаты Зәкіржан Мамлютов бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жазба қалдырды.
— Біз, Петропавл қаласының депутаттары, қала дизайн-кодын әзірлеуге арналған бюджет жобасын мақұлдағанымызға екі жарым жыл өтті. Бұл мақсатқа бастапқыда 80 млн теңге бөлінген. Кейінірек бұл сома азайтылды. Нәтиже қайда?
Бүгін қала құрылысы кеңесінің отырысында Павлодар қаласынан келген компания баяндама жасады. Бұл ұйым Петропавлдың дизайн-кодын әзірлеу бойынша конкурс жеңімпазы болған. Менің ойымша, бұл жағдай — мемлекеттік сатып алулар жүйесінің әлсіз тұстарының бірі.
Өйткені бізде өзімізде білікті мамандар жеткілікті. Олар қаланың ерекшелігін, болмысын, ішкі рухын, тынысын жақсы біледі, — дейді Зәкіржан Мамлютов.
Депутаттың айтуынша, әзірлеушілер жобаны жүзеге асыруға жүрдім-бардым қараған.
— Петропавлдың дизайн-кодына қандай түстерді таңдағандарын да айта алмады. Петропавл заманауи әрі танымал келбетке ие болуы керек, ол қаланың тарихын, климатын және рухын бейнелеуі тиіс.
Қаланың әр ауданы жайлы, ал ғимараттардың маңдайшалары бірыңғай стильде орындалған болса дейміз. Қасбеттердің түстері көзге жағымды болғанын қалаймыз, — деді Зәкіржан Мамлютов.
Петропавл қалалық әкімдігінің мәліметінше, 2024 жылғы 26 қыркүйекте Павлодардағы «INNOVATION CENTER PROJECT» ЖШС жобалау ұйымымен Петропавл қаласының дизайн-кодын әзірлеу бойынша келісімшарт жасалды. 1,5 жыл уақыт берілді. Қазіргі уақытта тек техникалық бөлігі орындалды.
Құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының орынбасары Сәкен Өтебаевтың айтуынша, кеңеске қатысушылар тұрғын үйлердің қасбеттерін, сонымен қатар магистральдар мен негізгі көшелер бойындағы жарнамалық маңдайшалардың орналасуын нақты мысалдары арқылы көргісі келді.
— Жобаның техникалық бөлігі жасалды, ол әрі қарай толықтырылып, қаланы визуализациялау жұмысы жүргізіледі. Қала құрылысы кеңесіне ғимарат қасбеттерінің, жарнамалық маңдайшалардың, уақытша құрылыстар мен абаттандыру элементтерінің көріністері ұсынылмады.
Қала құрылысы кеңесі дизайн-кодтың әзірленуін бақылауда ұстап отыр. Материалдар түскен сайын оларды құрылыс бөлімі қала құрылысы кеңесі мен қоғамдық кеңестің сарапшыларына зерделеу және ұсыныстар енгізу үшін жолдайтын болады. Барлық ескерту мен ұсыныстар қаралады, — дейді Сәкен Өтебаев.
Бұған дейін Алматының бас жоспарына түзету енгізілетінін жазған едік.