Петропавлдың көне диірмендері: қаланың ғасырдан астам тарихы бар сәулет ескерткіштері

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавлда ХХ ғасырдың басында сауда мен өндірістің дамығанын еске түсіретін тарихи ғимараттар көптеп сақталған.

Фото: Ақылбек Көшешов

Осы күнге дейін жеткендердің бірі – көпес диірмендері. Олардың әрқайсысының өзіндік тарихы мен сәулеттік ерекшелігі бар.

Мұратов диірмені 

Фото: Ақылбек Көшешов

Бұл диірменнің іргетасы кәсіпкер Мұратовтың бастамасымен 1904 жылы қаланып, бір жылдан кейін іске қосылады. Бес қабатты кірпіш ғимарат өз кезеңіндегі ірі өндірістік нысандардың бірі болған.

Солтүстік Қазақстан облысы тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының мәліметінше, ғимараттың бесінші қабаты техникалық мақсатқа арналған. Терезелер арқылы жарықтандырылып, шатыры арнайы темірмен жабылған.

Нысанға кейінірек бірнеше қосымша үй-жай жалғанған. Диірменнің биік кірпіш мұржасы болған. Бірақ 1919 жылы оған броньды пойыздан атылған снаряд тиіп, зақымданған. Қазіргі уақытта мұржа сақталмаған.

Ғимарат XIX ғасыр мен XX ғасырдың басына тән провинциялық көпес қаласының тарихи құрылысын сипаттайтын сәулет үлгісі.

1920-жылдары нысан мемлекет меншігіне берілген. 1922-23 жылдары мұнда жастар клубы орналасады. Көп жылдар бойы иесіз тұрған кешенді бұзбақшы да болады. Бірақ, 2015 жылы ғимаратты қалпына келтіру жұмыстары басталып, 2017 жылы реставрацияланған нысан қайта ашылды. Бүгінде тарихи ғимаратта мейрамхана орналасқан.

Поляков диірмені

Фото: Ақылбек Көшешов
Фото: Ақылбек Көшешов

Петропавлдағы сақталған көне ғимараттардың бірі - халық арасында Поляков диірмені деген атпен белгілі. Өлкетанушылар нысан тұрғызылған аумақ Уәли ханға тиесілі болуы мүмкін екенін айтады.

Фото: Ақылбек Көшешов

Кірпіш диірменнің құрылысы 1905 жылы басталып, 1907 жылы іске қосылған. Өндіріс орны неміс және швейцариялық машиналармен жабдықталған. Кеңес дәуірінде ғимарат мемлекет меншігіне өтіп, кейін әртүрлі мақсатта пайдаланылды. 1948-1955 жылдары мұнда темекі фабрикасы жұмыс істесе, одан кейін ғимарат тігін фабрикасына берілген.

Фото: Ақылбек Көшешов

Тарихи нысан 90 жылдардан бері жекеменшіктің қолында. Петропавлға инвестор келіп, ғимаратты сатып алды. Енді жоспар бойынша 10 млрд теңгеден астам қаражат жұмсап, мейрамхана-мейманхана кешенін пайдалануға бермек.  Бүгінде жөндеу жұмысы жүріп жатыр.

Мазаев диірмені

Фото: Ақылбек Көшешбаев

Мазаев диірмені де Петропавлдың тарихында өзіндік орны бар ғимараттардың бірі. СҚО тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының мәліметінше, диірменді Гаврил Мазаев 1913 жылы салған. 1917 жылы көпес оны Пинекир және Абрамов деген кәсіпкерлерге сатады. Кеңестік кезеңде мемлекет меншігіне алынған. Диірмен 1978 жылға дейін жұмыс іседі.

Фото: Ақылбек Көшешов

Кірпіштен қаланған үш қабатты ғимараттың сәулеттік ерекшеліктері сол кезеңдегі өндірістік құрылыстарға тән. Қазiр мұнда баптистердің діни бірлестігі орналасқан.

Кучков диірмені

Петропавлдағы тағы бір тарихи нысан - Кучков диірмені. 1901 жылы салынған бұл ғимаратты сақтап қалу мүмкін болмаған.

Тарихи-мәдени маңызы бар нысан мәртебесінен айырылған нысан 1999 жылы жекеменшікке өтіп кеткен. Бүгінде қаланың орталығында тұрған сауда орталығының бір кездері диірмен болғанын қабырғасы мен «Мельница» атауы ғана еске салады.

Бұған дейін Оралдағы көпес Ванюшиндер үйі жөндеуді қажет ететінін жазған едік.