Петропавлды көгалдандыруға шамамен 30 млн теңге қаржы жұмсалады

ПЕТРОПАВЛ. ҚАЗАҚПАРАТ - Петропавлды көгалдандыру бағдарламасы қала тұрғындары арасында түрлі пікір тудырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бейбітшілік және Абай көшелерінде бірнеше күн бойы теректер мен үйіңкілерді кесу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Олардың орындарында жас шыршалар өсіріліп, тірі қоршаулар пайда болды десе болатындай. Кейбір қала тұрғындары ағаштарды кесуге наразылықтарын білдіріп жатыр, тіпті петицияға қол жинауға кіріскендер бар. Қалған тұрғындар өзгерістерді қолдап отыр. Қала билігі өкілдерінің айтуынша, олар жазғы мамықтардың жойылғаны үшін алғыстарын айтуда.

«Бұл жылы шамамен 5 мың көшет, яғни, шыршалар, қарағайлар, қайыңдар, шетен ағашын отырғызамыз деген ойдамыз, сондай-ақ бөріжидектен, ақ шымнан, жабайы алмадан, шегіршіннен 35 километр бұталы қоршау жасау жоспарланып отыр. Осы күнге дейін шамамен мың ағаштан 3 километрдей қоршау отырғызылды. Қарағайлар Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасымен бөлінген аймақтарда дайындалады. Кондратовский орман тәлімбағымен келісімшарт жасалды. Олардан шым, бөріжидек аламыз. Жабайы алма ағашын күтімсіз қалған саяжай орындарынан әкелеміз», - деді Петропавл қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары бөлiмi басшысының орынбасары Дулат Шарапиденов.

Қала тұрғындарының наразылық білдірулерінің бірден-бір себебі - алдыңғы жылы отырғызылған шыршалардың бір бөлігінің құрап кетуі болды. Петропавлдықтар қылқан жапырақты ағаштар жол бойына оңай тамыр тартпайтынына және олардың отырғызылуына мемлекеттік қазынадан бөлінген қаржы босқа жұмсалғанына сенімді.

Д.Шарапиденов егілген қылқан жапырақты ағаштардың 75-80% тамыр тартқанын айтады. Сонымен қатар қаланы көгалдандырудың алдында шенеуніктер Кондратовский орман тәлімбағынан шақырту алған дендрологпен ақылдасқан.

Оның ақпараты бойынша, қаланы көгалдандыруға 30 миллион теңге шамасында қаржы жұмсалатын болады. Соның ішінде 7 миллион теңге көшеттерді сатып алуға арналады. Көктемгі егіс егуді 20 мамырға дейін аяқтау жоспарлануда.