Петропавлдық ұстаздың авторлық оқыту әдістемесі еліміздің мектептеріне енгізілді

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлдағы мектептердің бірінің ұстазы Елена Беляева өз тәжірибесіне сүйене отыра 2-сыныптың әдебиет пәніне арналған оқыту әдістемесін жасап шықты. Бұл жаңашылдық еліміздің мектептерінде қолданылып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы білім басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, Елена Беляева Петропавлдағы «Дарын» мектеп-лицейінде еңбек етеді, бастауыш сынып мұғалімі. Педагог-шебер «Әдебиеттік оқу. 2-сынып» оқулығына оқыту-әдістемелік кешенді әзірледі. Ұстаз тәжірибесіне сүйене отырып, пәнді оқытудың тәсілін өзгерту арқылы өзіндік әдістемесін жасады. Авторлық әдістеме функционалдық сауаттылықты, атап айтқанда, оқу сауаттылығын қалыптастыруға бағытталған.

«Оқу-әдістемелік кешенге 2 бөлімнен тұратын оқулық, 4 бөліктен тұратын жұмыс дәптері, хрестоматия, жеке жұмысқа арналған диск, мұғалімге арналған әдістемелік құрал, электронды оқулық кіреді.

Оқулық пен дәптер тапсырмаларында сыни ойлау дағдыларын дамытуға ықпал ететін түрлі стратегиялар мен әдістер қолданылады, сабақтар мақсат қою, түсіну, рефлексия құрылымы бойынша құрастырылған. Хрестоматия балалардың кітап оқу дағдысын қалыптастыруға, кітапқа деген қызығушылығын арттыруға көмектеседі. Мұндағы шығармашылық тапсырмалар әр баланың әлеуетін және ерекшелігін ашуға ықпал етеді», - дейді облыстық білім басқармасының баспасөз хатшысы Әсел Оразбаева.

Бірнеше жыл қатарынан сын тұрғысынан ойлауды дамытуға бағыталған бұл әдістеме өз тиімділігі мен өзектілігін дәлелдеді. Бұны оқушылардың жетістіктері растап отыр.

ҚР Білім және ғылым министрлігінің бұйрығына сәйкес биылғы оқу жылында оқу-әдістемелік кешені 2 сыныптың «Әдебиеттік оқу» сабағына республика мектептерінде баламалы оқулық ретінде пайдалануға қабылданды. Қазақстанның бірнеше өңірі, соның ішінде Солтүстік Қазақстан облысы осы әдістемені таңдап, сол бойынша оқытып жатыр.