Петропавлдықтарды интернет арқылы тақырға отырғызған бойжеткен ұсталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері интернет арқылы халықты алдап келген алаяқты қолға түсірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Белгілі болғандай, полиция қызметкерлеріне Петропавл қаласының екі тұрғыны арыз жазған. Олар OLX.kz сайтындағы хабарландыру арқылы пәтер жалдамақ болады. Тұтқаны көтерген әйел дауысы пәтерді алғысы келетіндердің көп екенін айтқан. Пәтерді бірінші алмақ болған тұрғындар Qiwi-әмиян арқылы алдын ала ақшасын салып жібереді. Алаяқ танысқан кезде басқа есім айтып, өзін шынайы пәтер иесі етіп көрсету үшін WhatsApp арқылы бөтен адамның жеке төлқұжатын жіберген. Ақша қолына түскеннен кейін тұтқаны көтермей қойған.

«Тергеу барысында полиция қызметкерлері күдіктіні қолға түсірді. Күдікті ретінде ешқайда жұмыс істемейтін 24 жастағы Павлодар тұрғыны ұсталды. Қазіргі уақытта ол ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 2-бөлігі («Алаяқтық») бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылуда», - делінген СҚО Полиция департаментінің хабарламасында.

СҚО полицейлері OLX, «Колёса», «Крыша» секілді танымал қызметтерді пайдаланғанда алдын ала төлем жасауға асықпауға шақырады.