Петропавлдықтарды интернет арқылы тақырға отырғызған жігіт Алматыда ұсталды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері Алматы қаласында 40 шақты адамды интернет арқылы тақырға отырғызған 22 жастағы жігітті ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, полицияға Петропавлдың үш тұрғыны арызданып, өздерінің интернет-алаяқтың құрбанына айналғанын айтқан. Олардың сөзінше, әлеуметтік желіде өткен жылы арзан бағамен сатылатын жиһаздың хабарландырулары жарияланған. Ал сатып алу үшін алдын ала төлем жасау қажет болған. Ақша қолына түскеннен кейін «сатушы» байланысты үзген.

Жәбірленушілер 40 мыңнан 120 мың теңге аралығында алдын ала төлем жасаған. Аталған фактілер «Алаяқтық» бабы бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді.

Жедел уәкілдер күдіктіні анықтап, қызметтік іссапар кезінде құрықтады. Күдікті пәтер ұрлығы үшін бұрын істі болған Алматы қаласының 22 жастағы тұрғыны болып шықты. Ол тергеу изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта СҚО аумағынан тыс жерде жасалған тағы 40 алаяқтыққа қатысы барлығы анықталды. Полицейлер әлі де күдіктінің әрекеттерінен зардап шеккендерді анықтап жатыр.

«OLx.kz сайтының әкімгері қылмыстың алдын алуға көмектесіп, әр парақшаға интернет-алаяқтық қаупі туралы хабарлама орналастырған. Полиция қызметкерлері мұндай қылмыстардың алдын алу үшін жадынамаларды таратып, БАҚ-та және әлеуметтік желілерде ақпарат орналастыру арқылы ескертеді. Профилактикалық жұмыс өз нәтижесін беріп жатыр. Соңғы жылдары интернет-алаяқтықтың саны күрт артқанымен, тосқауыл қою мүмкін болды. Өткен жылдың екі айында СҚО-да 139 интернет-алаяқтық фактісі тіркелсе, жылдың басынан 118 арыз түсті», - дейді СҚО полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бастығы Марат Жұмалиев.