Петропавлға кіреберіске Ботайға арналған монумент қойылды

Фото: Дариға Қуаныш

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавл қаласының кіреберіс қақпасына ерекше тарихи нысан – Ботай мәдениетіне арналған монумент орнатылды.

Монументалды өнер туындысы бүгін ғалымдар, археологтар, зиялы қауым өкілдері, мәдениет саласының мамандары және қоғам белсенділерінің қатысуымен салтанатты түрде ашылды.

- Ботай – жер жүзінде жылқы алғаш қолға үйретілген жер екендігі дәлелденді. Егер де үй жылқысы болмаса, адамзат өркениеті мүлде басқаша дамитын ба еді. Біз археологиялық қазба жұмыстарын бастағанда әлемдік маңызы бар жаңалық ашамыз деп ойлаған жоқпыз. Сол кезде Виктор Зайберттің бастамасымен экспедиция ұйымдастырылып, қазба жұмысы басталды. Біздің мамандар ол жерден бір сөмке көне, бірақ жақсы сақталған құнды жәдігермен оралды. Ботай – бүгінде біздің мақтанышымызға айналды, - дейді археолог-ғалым Анатолий Плешаков.

Ескерткіштің биіктігі тұғырымен есептегенде 14 метр. Оны мүсіншілер төрт ай ішінде жасап шықты. Үсті қоладан құйылса, тұғырына күрті граниті қолданылған. Мүсіншілер әр бөлшегін шынайы жеткізуге тырысып, оны заманауи мүсін өнерінің озық үлгілері қатарына қосуға талпынды.

- Бұл монумент – командалық жұмыс. Белгілі мүсіншілер Асқар Нарытов, Мұрат Сыдықов және мен – Бауыржан Жалын бірге істедік. Композициясы өте күрделі, үш қырлы тұғырдан тұрады. Үш ұлттың тілінде біздің тарихымызды айқындасын деген идея. Жер шарын орнатып, осы арқылы әлемде алғаш рет Қызылжар жерінде жылқының қолға үйретілгенін көрсеттік. Таңбалы тастар, балбалдар – біздің тарихымыз, сондықтан жан-жағына орнаттық.

Ескерткіш көңілімізден шықты. Келген шетелдіктердің, өзіміздің қазақстандықтардың көз қуанышына айналар монумент болады деп ойлаймын, - дейді жоба авторларының бірі Бауыржан Жалын.

Бұған дейін СҚО-да қайтарылған активтер есебінен 30 ауылға су құбыры тартылып жатқанын жазған едік.