Иран президенті Масуд Пезешкиан Тегеранның әскери текетіресті жалғастыруға ниеті жоқ екенін айтып, соғысты тоқтату туралы шешім Вашингтонға байланысты екенін мәлімдеді.
Бұл туралы ол 24 қыркүйекте Fox News телеарнасына берген сұхбатында айтты.
Пезешкиан: АҚШ Иранмен соғысты тоқтату туралы шешім қабылдауға тиіс
АСТАНА. KAZINFORM – Иран басшысы екі ел өкілдері арасындағы байланыстар жалғасып жатқан тұста Тегеранның мәселені дипломатиялық жолмен реттеуге дайын екенін растады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Ол келісім халықаралық құқық талаптарына сай болып, Тегеранның заңды мүдделері ескерілген жағдайда, Иранның АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігімен келісім жасауға дайын екенін растады.
Пезешкианның айтуынша, тараптар бұған дейін келісімнің негізгі шарттарын мақұлдап, өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойған. Алайда оның сөзінше, құжатқа қол қойылғаннан кейін екі апта өткен соң уағдаластықтар бұзылған.
Иран президенті АҚШ пен Израильдің соққыларынан елдің жоғарғы басшысы, ирандық ғалымдар, әскери қолбасшылар мен мемлекеттік қызметкерлер қаза тапқанына қарамастан, Тегеран келісімге келуге күш салып жатқанын айтты.
Пезешкиан Йемендегі хуситтер Иран үкіметінің нұсқауымен әрекет етеді деген пікірді де жоққа шығарды. Бұған дейін АҚШ пен Йеменнің халықаралық деңгейде мойындалған үкіметі Тегеранды «Ансар Аллах» қозғалысына әскери және саяси қолдау көрсетіп отыр деп айыптаған.
Пезешкианның бұл мәлімдемесі Нью-Йоркте Иран мен АҚШ өкілдері бірнеше айдан кейін алғаш рет жанама келіссөз өткізген тұста айтылды. Тараптар Қатардың араағайындығымен хабар алмасқанымен, нақты келісімге келгені туралы ақпарат тараған жоқ.