Pfizer өндірісін локализациялау фармацевтика саласының дамуына тың серпін береді — Әлихан Смайылов

Фото: Фото: primeminister.kz

VI Жаһандық инвестициялар жөніндегі қазақстандық дөңгелек үстел (Kazakhstan Global Investment Roundtable) алаңында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Pfizer, Lasselsberger Group және Al Rajhi International for Investment (RAII) компанияларының өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды primeminister.kz

Премьер-Министр Pfizer-дің өңірлік президенті Патрик ван дер Лоомен әңгіме барысында Қазақстанда компанияның барлық бастамалары мен инвестициялық жобаларын іске асырудың маңыздылығын атап өтті.

Фото: primeminister.kz

Атап айтқанда, қазір Prevenar 20 вакцинасын өндіруді локализациялау бойынша белсенді бірлескен жұмыс жүргізілуде.

Астанада KGIR-2023 шеңберінде жоба бойынша ұзақмерзімді шартқа қол қойылды.

«Қазақстан инвестиция мен озық технологиялар тартуға мүдделі. Pfizer препараттар өндірісін локализациялау мемлекетіміздің фармацевтика саласының дамуына серпін беретініне сенімдімін», — деді Премьер-Министр.

Австриялық Lasselsberger Group компаниясының басшысы Йозеф Ласселсбергермен кездесуде Қазақстан аумағында керамикалық плиталар, құрғақ қоспалар мен желім шығаратын зауыттар салу мәселелері талқыланды.

«Қазақстан Lasselsberger сияқты стратегиялық инвесторлармен ұзақ мерзімді ынтымақтастықты дамытуға ниетті. Үкімет жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға тиісті көмек көрсетуге дайын», — деді Премьер-Министр.

Фото: primeminister.kz

Al Rajhi International for Investment компаниясының бас директоры, Қазақстан-Сауд Іскерлік кеңесінің тең төрағасы Ахмед Әли әл-Дахилмен кездесу барысында ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды.

«Осы тұрғыда бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін сіздің компанияңызбен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою – әріптестігімізді нығайтудағы маңызды қадам. Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенін одан әрі дамыту үшін үлкен әлеуеті бар. Мемлекет өз тарапынан ауыл шаруашылығы субъектілеріне белсенді қолдау көрсетіп келеді», — деді Әлихан Смайылов.

Кездесулердің қорытындысы бойынша өзара тиімді ынтымақтастықты нығайту үшін тығыз іс-қимылды жалғастыру туралы уағдаластықтарға қол жетті.