PGL Astana 2026: Астана әлемдік киберспорт орталығына айналады

АСТАНА. KAZINFORM – Елордада Counter-Strike 2 бойынша ірі халықаралық турнир – PGL Astana 2026 өтеді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Фото: Астана әкімдігі

Жарыс 15-17 мамыр аралығында «Барыс Аренада» ұйымдастырылады. Турнирге әлемнің үздік 16 командасы қатысып, жаһандық аудитория назарын Астанаға аударады.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, бұл дода киберспорт әлеміндегі маңызды оқиғалардың біріне айналмақ. Турнирді PGL Esports SRL компаниясы өткізеді.

2025 жылы өткен PGL Astana турнирі жоғары деңгейде ұйымдастырылып, онлайн трансляциялар бойынша рекордтық көрсеткіштерге жеткен. Соның арқасында Астана халықаралық киберспорт картасында өз орнын айқындады.

2026 жылғы турнирдің жүлде қоры 1,6 млн АҚШ долларына дейін ұлғайтылды. Бұл көрсеткіш оны Counter-Strike 2 бойынша ең ірі жарыстардың қатарына қосады.

Айта кетейік, қазақстандық киберспортшы HLTV нұсқасы бойынша әлемнің үздік дебютанты атанды.