Осыған байланысты Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев журналдарға қатысты пікірлер орынды және ғалымдарымыз үшін шетелдік басылымдарға материал жариялау оңай емес екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ ол мәселені осы жағынан қарап, жалпы ғылымға қойылатын талапты төмендетпеу керек екенін айтты.
«Ғылым жан-жақты зерттелген қадамды талап етеді. Сондықтан PhD-ді қорғауға арналған критерийлерді төмендетуге болмайды. Болон жүйесіне көшер алдында мұндай олқылықтың болғанын білеміз. Сол кезеңде кандидаттар мен докторлардың көбейіп кеткенін де және олардың қалай қорғалғанын да көрдік. Сол себепті ондай кезге қайта оралмау үшін PhD-ді өз деңгейінде ұстап отыруымыз қажет. Жеңіл жолмен қорғаған он PhD-ден гөрі бір-екі нағыз ғалымды тәрбиелеп шықсақ, елдің ғылымына да, экономикасына да көбірек пайдалы болатыны анық. Сондықтан бұрынғы қателіктерімізден сабақ алып, оның қайталануына жол бермеуіміз керек», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сондай-ақ Сенат Спикері біздің ғалымдарымыз шетелде де құрметке ие. Беделді нағыз ғалым болуы керектігін айтып, мұндай деңгей жоғары талаптан басталатынына назар аударды. Осыған орай ол тиісті министрлік бұл бағыттағы жұмыстарды жан-жақты пысықтап, алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғастыра беруі керек екеніне тоқталды.
Айта кетейік, бүгін Сенат отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ғылым және білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қаралып, мақұлданды. Жаңа нормалар ғалымдардың әлеуметтік кепілдіктерін жақсартуға және ғылымда қаржы ресурстарын пайдалануды оңтайландыруға бағытталған.