ПХЭФ-2018 қатысушылары қазақстандық ұлттық компанияларға инвестиция салуға шақырылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін 2018 жылғы Петербург халықаралық экономикалық форумының алаңында Инвестор күні өтті. «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры бірқатар қоржын компанияларын сатылымға шығарды деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ПХЭФ-2018 шарасында сөз алған «Самұрық-қазына» АҚ Басқарма төрағасы Ахметжан Есімов форум қатысушыларына Қор компанияларына инвестиция салудың артықшылықтары туралы айтып берді және жекешелендіру бағдарламасына қатысуға шақырды.

«Самұрық-Қазына» қоры сомасы 74 миллиард АҚШ долларынан асатын және түрлі экономика салаларын қамтитын Қазақстанның жоғары сапалы активтерінің ең ірі қоржынына ие», - деп атап өтті А.Есімов.

Осы ретте Қор басшысы Қазақстанда ресейлік капиталдың қатысуы бар 8300-ден астам кәсіпорын жұмыс істейтінін айтып кетті.

Қазақстандық экономиканың даму перспективасы туралы «Самұрық-Қазына» Ақ Стратегиялық даму жөніндегі басқарушы директоры Балжит Гревал айтып берді.

«Қазақстан экономикасының қалай бөлінетініне қарасақ, басты салалардың негізінен энергетика мен өндірісте екенін көреміз. Осыған қарамастан, соңғы бірнеше жылдың ішінде көлік және логистика, сонымен қатар инфрақұрылым әлеуетін айтарлықтай арттыра алды», - деп атап өтті Б.Гревал.

Ол, сондай-ақ, осы жылы экономикалық өсім бойынша болжамның 4% деңгейінде сақталатыны туралы айтты.

«Қазақстан 2030 жылға қарай шикі мұнай экспорттаушылардың ондығына кіруді жоспарлап отыр. Бұл - елдің стратегиялық экономикалық мақсаттары. 2014 жылы үкімет ауқымды Трансформация бағдарламасын жариялады, оның аясында бизнес пен барлық ұлттық компаниялар қамтылды. Біз жаңа бизнес-процестер, үздік стандарттарды енгіздік. Біз нарықтық реформалардың келесі кезеңіне дайынбыз», - деп сөзін аяқтады Қордың Басқарушы директоры.

«Самұрық-Қазына» АҚ-ның мәлімдеуінше, болашақ инвесторлар бірқатар артықшылықтарға ие болады, олардың қатарында Қазақстан нарығына ашылатын жол, экономикадағы үлесін азайтуды мақсат еткен мемлекеттің қолдауы мен қатысуына ие болу, инвестициялық климатты жақсартуға бағытталған заңдар және алуан түрлі жекешелендіру нұсқалары бар.