Пхеньян сүңгуір қайықтан зымыран ұшыруға қатысты жаңа видео жариялады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Солтүстік Корея сүңгуір қайықтан баллистикалық зымыран ұшырғанына қатысты жаңа видеосын жариялады. Алдын ала болжам бойынша, бұл сынақ желтоқсан айында өткізілген, деп хабарлайды ресейлік «РИА Новости».

Видеоны КХДР-ның орталық теледидары көрсетті. Бұл сынақ өткен жылдың мамыр айында өткізілген осындай сынақтан өзгеше болып отыр. Жаңа видеода зымыранның әуеге тік ұшып шыққаны көрініп тұр, ал мамыр айында өткізілген сынақтың видеосында зымыранның ұшу бұрышы небәрі 45 градус болатын, әрі зымыран теңізге құлаған еді. Сарапшылар мамырдағы ұшыруды сәтсіз өтті деп таныды.

Жаңа бейнекадрда түсірілген күні көрсетілмеген. Алайда Американың Washington Free Beacon басылымының жазуына қарағанда, бұл 21 желтоқсанда Жапон теңізіндегі Синпхо портында ҚХДР сүңгуір қайығынан зымыран ұшырылған сәт екен.