Пхенчхан: Мұхамедиұлы АҚШ вице-президентімен бірге жанкүйер болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Оңтүстік Кореяда өтіп жатқан Олимпиада ойындары кезінде АҚШ-тың вице-президенті Майкл Пенспен және Корея Республикасының президенті Мун Чжэ Инмен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Пхенчхан Олимпиадасы АҚШ-тың вице-президенті Майкл Пенспен және Корея Республикасының президенті Мун Чжэ Инмен кездесуге жақсы мүмкіндік болды. Аса мәртебелінің және оның жұбайының орындары дәл менің артымда және Майкл Пенспен көршілес орналасқан. Міне, достар, осындай тамаша компанияда біздің спортшыларға жанкүйер болып отырмыз», - деп жазды министр Фейсбуктегі өз парақшасына.

Бұған дейін Арыстанбек Мұхамедиұлы қазақстандық биатлоншылардың көшбасшысы Галина Вишневскаяны туған күнімен құттықтаған еді.

«Бүгін биатлон бойынша Қазақстан құрамасының көшбасшысы Галина Вишневская туған күні! Бар болғаны 24 жасқа толып жатса да, оның бағындырған асуы көп. Атап айтқанда, Алматыдағы Бүкіләлемдік универсиаданың 2 алтын және 2 қола медалін, ал Саппорода Азия ойындарына алғаш түскен кезінде төртдүркін чемпион атанды. Қазіргі уақытта Галина Вишневская ең үздік биатлоншылардың бірі. Мен Галинаны туған күнімен құттықтай отырып, өмірде де, спортта да жаңа жеңістерге жете беруін, зор денсаулық пен бақыт тілеймін», - деп жазды министр Фейсбукте.

Еске сала кетсек, Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында ХХІІІ қысқы Олимпиада ойындары өтіп жатыр. Әлемнің 92 елінен 2500-ден астам спортшы 101 медальді сарапқа салуда. Қазақстанның намысын 46 спортшы қорғауда.