Матчтың алғашқы, цифрлық кезеңінен кейін қазақстандық команда қарсыласын қуып жетуге тырысқанымен, қорытынды есепте үш ұпай айырмасымен жеңіліс тапты.
Handsome MDMX командасының ойыншысы Цзян Чжэнъян (Jiang Zhengyang) қарсыластың осал болмағанын айтып өтті.
– Қазақстан құрамасы өте тартысы ойнады. Біз өз жоспарымызды сақтап, соңына дейін күресуге тырыстық. Ақырында жеңіске жеттік. Қазақстандағы атмосфера өте керемет. Мұндай елде ойнау бізге үлкен әсер қалдырды, – деді ол.
GTB KZ ойыншысы Есет Жарқылов жанкүйерлердің үмітін ақтай алмағандарына өкініш білдірді.
– Өкінішке қарай, жанкүйерлердің үмітін ақтай алмадық. Бірақ ойынның аты ойын, тартысты кездесу болды. Ең қиын кезең цифрлық бөлім болды. Бізде өз жоспарымыз бар еді, алайда ол жүзеге аспады. Бұл қарсыластың жақсырақ дайындалғанын көрсетті, – деді спортшы.
Оның айтуынша, физикалық кезеңде команда өз мүмкіндігін көрсетуге тырысқан.
– Қытай командасымен де, басқа қарсыластармен де алаңдағы ойынға сенімді шықтық. Есепті қуып жетеміз деп ойладық. Бірақ сәл ғана жетпей қалды, – деді Есет Жарқылов.
Спортшының сөзінше, команда енді келесі халықаралық жарыстарға дайындықты күшейтпек.
– Алдағы іріктеу турнирлері өтеді. Келесі Future Games Бразилияда ұйымдастырылады. Соған дейін бір жыл бойы тыңғылықты дайындаламыз. Әсіресе цифрлық бағыттағы шеберлігімізді арттыруымыз қажет, – деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін, Бас төреші Phygital баскетболдың ережесін түсіндірген болатын.