Оның айтуынша, phygital баскетбол екі кезеңнен тұрады: алдымен командалар баскетбол симуляторында бақ сынаса, кейін сол құраммен дәстүрлі баскетбол алаңына шығады.
– Алдымен командалар Joy City баскетбол симуляторында 19 ұпайға дейін немесе 10 минут бойы ойнайды. Одан кейін бес минуттық қыздыру уақыты беріледі де, сол командалар 7 минуттық дәстүрлі форматта физикалық алаңда кездеседі, – деді бас төреші.
Жарыстың қорытынды есебі екі кезеңнің нәтижесі бойынша шығарылады. Команда жалпы 39 ұпайға бірінші болып жетсе жеңіске жетеді. Ал екі ұпайлық дәл соққымен 40 ұпай жинаса да жеңімпаз деп танылады. Егер негізгі уақыт аяқталған кезде есеп тең болса, жеңімпаз айып добын орындау арқылы анықталады.
Вячеслав Дьяченконың сөзінше, phygital баскетболдағы физикалық ойын үшке үш баскетболына ұқсайды. Сондықтан ойыншылар арасындағы байланыс пен күрес классикалық кәдімгі баскетболға қарағанда жоғары.
– Бұл матчта командалар келесі кезеңге жолдама үшін ойнады. Жеңілген команда турнирмен қоштасады. Сондықтан екі ұжым да барынша көп ұпай жинауға тырысты, – деді ол.
Бас төрешінің айтуынша, бұл жарысқа әлемдегі ең үздік phygital баскетбол командалары жиналған.
– Егер дәл осы дисциплина туралы айтсақ, мұнда әлемнің ең мықты командалары өнер көрсетіп жатыр. Маусым айындағы іріктеу турнирімен салыстырғанда деңгей әлдеқайда жоғары, – деді төреші.
Вячеслав Дьяченко phygital баскетбол ережелерін әзірлеуге өзі қатысқанын айтып, сондықтан арнайы қайта даярлықтан өтудің қажеті болмағанын жеткізді. Қазіргі уақытта төрешілер корпусында барлығы 14 маман жұмыс істейді. Оның ішінде 6-ы физикалық алаңда, үшеуі цифрлық кезеңде төрелік етеді.
Цифрлық кезеңдегі төрешілер ойыншылардың өз аккаунттарын пайдалануын, тыйым салынған бағдарламалар мен қосымша құрылғыларды қолданбауын, қарсыластарға кедергі келтірмеуін бақылайды. Ал ойынның негізгі ережелері автоматты түрде жүйемен есептеледі.
Бас төрешінің айтуынша, цифрлық кезеңде де тәртіп бұзушылықтар кездеседі. Көбіне олар спорттық емес мінез-құлық пен бейәдеп сөз қолдануға байланысты болады.
– Егер ойыншы цифрлық кезеңде ескерту алса, ол физикалық кезеңге де әсер етеді. Демек дәл сондай тәртіп бұзушылық қайталанса, ойыншы техникалық фол алады, – деді Вячеслав Дьяченко.
Турнирдің форматына сәйкес, алғашқы матчта жеңілген командалар өзара кездесіп, жарысты жалғастыру мүмкіндігі үшін бақ сынайды. Ал жеңімпаздар турнирлік кестенің жоғарғы бөлігінде өзара жарыспақ. Жартылай финалдар 2 тамызда өтсе, үшінші орын үшін матч пен финал 3 тамызға жоспарланған.
Еске сала кетейік, елордада «Болашақ ойындары – 2026» турнирінің ашылу рәсімі өткен еді.
Бұл жарыс 29 шілде мен 9 тамыз аралығында өтеді. Жарысқа 34 елден 800-ден астам спортшы қатысып жатыр.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев турнирдің ресми ашылу рәсімінде сөз сөйлеген болатын.