Елорданың ресми сайтының мәліметіне қарағанда, жасөспірім пианистердің «Astana Piano Passion» І Халықаралық фестиваль-байқауы 2013 жылғы 10-16 мамыр аралығында Астана қаласында өтеді.
Байқаудың ұйымдастырушылары - Астана қаласының әкімдігі, «Accordi di Astana» қоғамдық қоры болып табылады. Байқаудың көркемдік жетекшісі және құрметті төрағасы - Ресей халық әртісі Денис Мацуев.
Байқауға 18 жасқа дейін жасөспірімдер қатысады. Жүлде қоры - 50.000 АҚШ доллары. Жас орындаушыларға басқа да материалдық қолдаулар көрсетіледі. Атап айтқанда, Астана қаласы әкімінің атынан екі арнайы жүлде, байқаудың көркемдік жетекшісі атынан арнайы жүлде: Францияның Анси қаласындағы «Crescendo» және «Annecy Classic» фестивальдеріне барып, қатысу жолдамасы; Ресейдің Иркутск қаласындағы «Байкалдағы жұлдыздарға» бару; Суздаль қаласындағы жазғы лагерьге бару жолдамасы, сондай-ақ, Қазақ композиторының туындысын үздік орындау жүлдесі. Сондай-ақ, байқауда І орын алған қатысушылардың педагогтары үшін де жүлде тағайындалған.
Іріктеу турын Астанада арнайы құрылған комиссия 10 наурыз бен 30 наурыз аралығында өткізеді. Байқауға қатысушылар іріктеу турының қорытындысы бойынша анықталады.