«ҚР Президентінің Әкімшілігі мен Үкіметінің әкімшілік ғимараттары дирекциясының ұжымымен өте нәтижелі әңгімелесу өтті. Кездесуге кәсіпорынның 184 қызметкері келді. Олар инженерлік, техникалық және типография қызметкерлері мен аспаздар секілді түрлі бейіндегі мамандар» деп жазды Айбек Дадебаев Телеграм каналында.
Дирекция қызметкерлерін әлеуметтік қамсыздандыру және еңбекақы, салық шегерімдері, жұмыс процестерін ұйымдастыру мәселелері толғандырады екен. Басқа елдердегі әріптестерімен тәжірибе алмасу және біліктілікті арттыру курстарынан өту бойынша сұраныс бар.
«Біз келіп түскен әрбір өтінішті мұқият зерделеп, нәтижелер мен қабылданған шаралар туралы қосымша хабарлап отыратын боламыз.
Алдағы уақытта мұндай кездесулер Іс Басқармасының жүйесіндегі барлық кәсіпорын ұжымы үшін ұйымдастырылады. Бұл қарым-қатынасты дамытып, нәтижесінде әр қызметкердің жұмыс сапасын арттыруға септігін тигізеді» делінген хабарламада.