ПIБ ұйымдары суперкомпьютер базасында жасанды интеллект шешімдерін енгізді

АСТАНА.KAZINFORM - Президент Іс басқармасы жүйесінде жасанды интеллект технологиялары белсенді түрде енгізіліп жатыр. ҚР ПІБ Инженерлік-техникалық орталығы (ИТО) мен Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасының Инженерлік орталығы (ИО) ҚР ЖИЦДМ суперкомпьютерінің есептеу қуатын пайдалана отырып, бірқатар жасанды интеллект шешімдерін іске асырды.

Фото: Жасанды интеллект арқылы жасалған

Биыл ПІБ Инженерлік-техникалық орталық «Ахуалдық-талдамалық кешенге» 12 мамандандырылған ЖИ-агентті енгізді. Интеллектуалды көмекшілер көрсеткіштерді талдап қана қоймай, аналитикалық қорытындылар қалыптастыруға, тәуекелдерді анықтауға және тиісті ұсынымдар беруге мүмкіндік береді.

Интеллектуалды көмекшілер ПІБ ұйымдарының негізгі қызмет бағыттарын қамтиды. Олардың қатарында кадрлық процестер, медициналық ұйымдардың көрсеткіштері, мемлекеттік сатып алу, авиациялық және автомобиль көлігінің жұмысы, цифрлық инфрақұрылымды дамыту, Президент телерадиокешенінің, Президент орталығының, Щучинск-Бурабай курорттық аймағының, Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығының және басқа да ұйымдардың қызметі бар.

Сонымен қатар әрбір ЖИ-агенттің өзіне тән мамандануы бар. Мәселен, «Адами ресурстар» агенті штаттың жасақталу деңгейін, кадрлардың тұрақтамауын, оқыту тиімділігін, кадр резервінің дамуын және басқа да көрсеткіштерді бақылауға көмектесіп, ықтимал тәуекелдер мен ауытқуларды дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта Инженерлік-техникалық орталық аудит, бухгалтерлік есеп, құқықтық сүйемелдеу, қауіпсіздік, жөндеу және техникалық қызмет көрсету, мемлекеттік сатып алу және ақылы қызметтер бағыттары бойынша тағы онға жуық ЖИ-агентті енгізуді жоспарлап отыр.

Алайда аналитика жасанды интеллект қолданылатын жалғыз бағыт емес. Биылғы маусым айында ПІБ МТҚБ Инженерлік орталығы AI Code Review – бағдарламалық кодты автоматтандырылған тексеруге арналған интеллектуалды жүйені енгізді.

Бұл жүйе бағдарламалық кодтың ішкі әзірлеу стандарттарына сәйкестігін талдайды, ықтимал қателер мен осал тұстарды анықтайды, сондай-ақ ақпараттық қауіпсіздік талаптарының сақталуын тексереді. Соның нәтижесінде әзірлеушілер кері байланысты жедел алып, уақытын рутиналық тексерулерге емес, шешімдердің архитектурасын жетілдіруге және күрделі инженерлік міндеттерді орындауға жұмсай алады.

AI Code Review жүйесінің басты ерекшелігі – оның толықтай жергілікті инфрақұрылымда жұмыс істеуі. Бұл бағдарламалық кодтың сыртқы сервистерге жіберілуіне жол бермейді және GPT, Claude немесе Cursor сияқты жалпыға қолжетімді жасанды интеллект сервистерін пайдаланумен салыстырғанда ақпараттық қауіпсіздіктің анағұрлым жоғары деңгейін қамтамасыз етеді.

Айта кету керек, жасанды интеллект мамандарды алмастырмайды, керісінше олардың тиімді көмекшісіне айналады. Ол күнделікті қайталанатын жұмыстарды өз мойнына алып, қызметкерлердің кәсіби тәжірибе, сараптамалық бағалау және басқарушылық шешім қабылдауды талап ететін міндеттерге көбірек көңіл бөлуіне мүмкіндік береді.

Президент Іс басқармасы жүйесінде жасанды интеллект шешімдерін енгізу Қазақстан Президенті жариялаған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында жүзеге асырылып жатыр.

Қазақстанның электр жүйесін басқаруда жасанды интеллект қолданыла бастағанын жазған едік.