ПИК-тің орнына ММИБ: Көпқабатты тұрғын үйлерді басқарудағы жаңа ереженің ерекшелігі неде

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Инвестициялар және даму министрлігі көпқабатты тұрғын үйлерді басқаруда Пәтер иелері кооперативінің (ПИК) міндеттемелерін шектеп, оның орнына Мүліктің меншік иелері бірлестігін (ММИБ) құруды ұсынып отыр. Ендеше, жиі дау-шарға ілігетін көпқабатты тұрғын үйлерде қордаланған мәселелерді жаңа заң жобасы қалай шешетін болады? Бұл сұраққа ресми сауал жолдағанымызда ҚР Инвестициялар және даму министрінің орынбасары Қайырбек Өскенбаев жауап берді.

Айта кетсек, бұған дейін министрліктің «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агентігіне берген ресми жауабында ҚР ИДМ вице-министрі Қайырбек Өскенбаев көпқабатты тұрғын үйлерді басқаруға жауапты ПИК азаматтардың сенімсіздігін тудырып отырғанын хабарлаған болатын. Осы себепті, аталмыш министрлік Үкіметтің қарауына тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мәселелері бойынша жаңа заң жобасын ұсынып отыр. Нақтырақ айтқанда, ҚР ИДМ коммерциялық емес ұйымның жаңа нысаны - «мүліктің меншік иелері бірлестігін» (бұдан әрі - ММИБ) «бір үй - бір ММИБ - бір шот» қағидаты бойынша құруды ұсынуда. Заң жобасы негізіндегі ұсыныстардың бәрін мына сілтемеден көруге болады.
Ал ММИБ жүйесінің ПИК-тен айырмашылығы қандай болады? Бұл жайлы ҚР ИДМ вице-министрі Қайырбек Өскенбаев былай деп жауап береді.

«Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мәселелері бойынша заң жобасына көп пәтерлі тұрғын үйде коммерциялық емес ұйымның жаңа нысаны ММИБ құру көзделген.Атап айтқанда, ұсынылып отырған қағидат әрбір үйді басқару бойынша жеке тәсілді қарастырады. Әрбір ММИБ-тің өзінің жеке ағымдағы және жинақтау шоттары ашылатын болады. Тіркелген кондоминиум объектілерінің санының көбеюіне, сервистік компаниялардың дамуы үшін алғышарттар құрылады», - дейді Қайырбек Өскенбаев.

Вице-министрдің айтуынша, ПИК-тер өз жұмыстарын мүліктің меншік иелері бірлестігімен немесе тұрғындармен жасасқан келісімшарт негізінде басқарушы немесе сервистік компаниялар ретінде жалғастыратын болады.

«Заң жобасы бойынша Ғылыми-құқықтық және ғылыми-экономикалық, лингвистикалық сараптамының, заңды тұлғалар бірлестіктерінің және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының оң қорытындылары алынды. Қазіргі уақытта заң жобасы мүдделі мемлекеттік органдармен келісуден өтті және кестеге сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметіне жіберілді», - дейді вице-министр.

Вице-министрдің жауабына сәйкес, жоғарыда көрсетілген ұсыныстарды енгізу кондоминиум объектісін басқаруға және күтіп ұстауға қатысатын субъектілердің қарым-қатынасын жақсартуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, Қайырбек Өскенбаев кондоминиум объектісін басқаруға және күтіп ұстауға қаражатты жұмсаудың ашықтығын арттыруға және ММИБ мен сервистік компаниялардың көрсетілген қызметтер сапасына үй жайлар (пәтерлер) иелерінің қанағаттануына ықпалын тигізетінін хабарлайды.