ПИК жүйесі әлеуметтік шиеленісті күшейтіп барады - ҚР ИДМ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Көпқабатты тұрғын үйлерді басқаруға жауапты Пәтер иелерінің кооперативтеріне еліміздегі азаматтар сенгісі келмейді! Осы тұжырымға нық бекіген ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Үкіметтің қарауына тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мәселелері бойынша жаңа заң жобасын ұсынып отыр. Аталмыш министрлік неліктен ПИК жұмысын жарамсыз деп біледі? Жаңа заң жобасы көпқабатты тұрғын үйлердегі тұрғындардың мәселесін қалай шешпек? Осы сұрақтар турасында ҚазАқпарат тілшісі ҚР ИДМ-ға ресми сауал жолдап көріп еді.

Ресми сауалға жауап берген ҚР ИДМ вице-министрі Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, талдау ПИК тұрғын үй қатынастары туралы заңнаманың жетіспеушілігін пайдалана отырып, көп пәтерлі тұрғын үйді (КТҮ) басқарудан бөлек, оны күтіп-ұстау қызметтерін атқаратынын көрсетіп отыр. Ал шын мәнінде бұл қызметтерді ПИК жасасқан шарттың негізінде сервистік қызмет субъектілері атқаруы тиіс. Вице-министрдің жауабына сәйкес, ПИК материалдық пайда көру мақсатын көздей отырып, қолданыстағы заңнаманың нормаларын мойындамай, 10-нан астам КТҮ-ге қызмет жасайды.

«Бұл ретте оларға тек бір ғана ағымдағы шотты ашады. Бұл дегеніміз бір кондоминиум объектісін күтіп ұстау үшін арналған қаражатты жұмсаудың ашықтығын жоғалтуға әкеліп соқты. Сондай-ақ көптеген жағдайларда ПИК әрбір кондоминиум объектісіне жинақ шоттарын ашпайды. Тұрғындардың формалдық жиналыстары өткізіледі, жиналған жалған қолдар негізінде шешім қабылданады, өзінің қызметтері туралы есептер ұсынылмайды, қайта тағайындалған төрағаны қайта сайлауда жаңа төрағаның қызметке кірісуіне қарсылық білдіреді», - дейді Қайырбек Өскенбаев.

Жауапқа сәйкес, осы факторлардың барлығы ПИК қызметіне азаматтардың сенімсіздігін тудырған. Сондай-ақ, ПИК қызметі әлеуметтік шиеленістің күшеюіне, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының сервистік қызмет көрсету саласындағы шағын және орта бизнесті дамытудағы кедергілерге әкеледі.

«Қазіргі уақытта қалыптасқан тұрғын үй қатынастарындағы жүйелерді реформалаудың өткір қажеттілігі туындап отыр. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мәселелері бойынша заң жобасына ПИК өзара қарым-қатынас субъектілерімен жұмыстың тетігін жүйелендіру, жинақтау есеп-шоттарын жүйесін жаңғырту, үй-жайлар (пәтерлер) иелері мен басқару органдары басшылығын жауапкершілікке тарту негізін белгілеу, басқару органының нысандарын оңтайландыру, КТҮ күтіп-ұстау сервистік қызметі бойынша дамыту үшін жағдайлар жасау ұсынылады», - дейді вице-министр.

Осыған байланысты ҚР Инвестициялар және даму министрлігі арнайы заң жобасын әзірлеп, Үкіметтің қарауына ұсынған. Атап айтқанда, заң жобасына:

- КТҮ-де мүлік иелерінің, атқарушы органдардың, сервистік қызмет субъектілерінің, басқарушы компаниялардың және мемлекеттік органдардың құқығын, міндеттері мен жауаптылығын регламенттеуге мүмкіндік беретін, коммерциялық емес ұйымның жаңа нысаны «мүліктің меншік иелері бірлестігін» (бұдан әрі - ММИБ) «бір үй - бір ММИБ - бір шот» қағидаты бойынша құруды;

- кондоминиум объектілерін тіркеу тәртібін және оған жер участкесін бекіту рәсімдерін оңайлатуды;

- үй-жай иелері тарапынан кондоминимум объектілерін басқару органдарын және мемлекеттік органдар мен сервистік қызметтердің өзара іс-қимылын жақсартуды бақылауды қамтамасыз ету үшін ТҮКШ бірыңғай ақпараттық жүйесін құруды;

- КТҮ күрделі жөндеуге қаражаттарды тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне кіретін банктерде жинақтауды;

- тұрғын үй инспекциясы органдарының өкілеттіктерін, оның ішінде әлеуметтік инфрақұрылым объектілеріндегі қауіпті техникалық құрылғыларды қауіпсіз пайдалану үшін бақылау және қадағалау бөлігінде кеңейтуді қамтамасыз ететін нормалар енгізілген.