Пилотсыз көліктер көп нәрсені өзгертеді - Шервин Пишевар

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін цифрландыру мәселелері бойынша республикалық кеңесте «Hyperloop One» тең құрылтайшысы, «Sherpa Capital» венчурлық қорының басқарушы директоры Шервин Пишевар көлік өндірісінің болашағына болжам жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі кезде көлікті пилотсыз жүргізу технологиясы бар. Мамандар оны қысқа уақыттың ішінде ойлап шығарды. Демек, болашақта пилотсыз көліктер қолданысқа шықса, қалалардың сәулетін өзгертуге тура келеді. Себебі көлік жүргізушісі керек болмайды. Рульды да алып тастайды. Негізі руль адамның миы мен машинаның арасындағы интерфейс іспетті. Соның барлығы артта қалады. Машиналардың дизайны өзгереді. Көшелердің дизайны өзгереді. Жалпы болашақта күрделі өзгерістер болады», - дейді Пишевар. Кезінде ол өзінің венчурлық қоры арқылы «Uber» компаниясын қаржыландырған.

Айта кетейік, бүгінгі кеңеске ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев төрағалық етті. Сол жерде BitFury Group-тың жетекшісі Валерий Вавилов блокчейннің басты артықшылығы жайында айтып берді.  Ал Ресейдің байланыс және бұқаралық коммуникациялар министрі Николай Никифоров цифрлық технологияларды бірлесіп дамытуға шақырды .