Мемлекеттік кірістер комитеті Қазақстан аумағында жұмыс істейтін шетелдік интернет-платформалардың салық төлеуін қамтамасыз ету бағытындағы жұмысты жалғастырып жатқанын мәлімдеді.
Салықтық әкімшілендіру нәтижесінде Pinduoduo бюджетке 6,8 млрд теңге (15,1 млн доллар) аударды.
Бұдан бөлек, Claude жасанды интеллект көмекшісін әзірлеуші Anthropic, PBC компаниясы өткен салық кезеңдері үшін 1,2 млрд теңге (шамамен 2,6 млн доллар) төледі. Компания камералдық бақылау нәтижесінде жолданған хабарламалардағы талаптарды орындады.
— Заңнамада шетелдік интернет-платформалар салық заңнамасының талаптарын орындамаған жағдайда олардың интернет-ресурстарына қолжетімділікті шектеу мүмкіндігі қарастырылған. Осыған байланысты комитет Ұлыбританияда тіркелген Farfetch платформасының операторына камералдық бақылау туралы хабарлама жолдады. Хабарлама орындалмағандықтан, Қазақстан аумағында Farfetch интернет-ресурсына қолжетімділік шектелді, — деп хабарлады ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті.
Farfetch — танымал брендтердің тауарларын қоса алғанда, киім, аяқкиім және аксессуарлар сатылатын халықаралық онлайн-платформа.
Комитеттің мәліметінше, мұндай шаралар заңнамада белгіленген тәртіппен тиісті талаптарға жататын және Қазақстан бюджеті алдындағы салық міндеттемелерін орындамайтын барлық шетелдік интернет-платформаларға қолданылады.
Еске салайық, бұған дейін Pinduoduo-ға шамамен 7 млн теңге айыппұл салынғанын жазғанбыз.