Пингвин құтқарушысын көру үшін 5 мың миль жүзіп өтеді
22:14, 09 Наурыз 2016
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бразилиялық зейнеткер Жоао Перейра мен Дин-Дим есімді пингвиннің оқиғасы туралы «DailyМail» басылымы жазды.
2011 жылы қария шатқалдардан ашығып, өлім аузында жатқан кішкентай пингвинді тауып алады. Егде жастағы ер адам құсты тамақтандырып, күтіп, Дин-Дим деп ат қояды. Әл жинаған соң оны Аргентина және Чили жағалауларына жөнелтті.
Жарты жылдан кейін Дин-Дим құтқарушысын көру үшін Бразилияға қайта оралған. Бұл оқиға талайды таңқалдырды.
Жылдың сегіз айында құс құтқарушысының жанында болады, қалған мезгілде ұрпағын көбейту үшін Чилиге барады. Жыл сайын Дин-Дим шамамен бес мың миль (сегіз мың шақырымнан астам) қашықтықты бағындырады. Аталған құс түрі үшін бұл рекордтық көрсеткіш.