АСТАНА. KAZINFORM — «Жеңіс» футбол клубының бас бапкері міндетін қазақстандық Пиралы Ханалиұлы Әлиев атқаратын болды.
Бұл жөнінде команданың баспасөз қызметі мәлім етті.
Пиралы Ханалиұлы Әлиев 1984 жылы дүниеге келген. 2002 жылы футболдағы алғашқы қадамын алматылық «Қайрат» командасында бастады. Одан кейінгі жылдарда «Атырау», «Астана-1964», «Жетісу», «Астана», «Тобыл», «Ордабасы», «Ертіс», «Қызылжар» клубтарында доп тепті.
Ұлттық құрама сапында 2005-2015 жылдарда ел намысын қорғады.
Соңғы жылдарда «Жеңіс» клубында бас бапкердің көмекшісі қызметін атқарды.
Еске салсақ, бұдан бұрын «Жеңіс» футбол клубының бас бапкері Акис Вавалис қызметінен кетті.
«Жеңіс» биылғы біріншілікті сәтсіз өткізіп келеді. Қазір турнир кестесінде бес ұпаймен оныншы орында келеді.
Акис Вавалис елордалық команда тізгінін 2024 жылдың мамыр айында ұстаған еді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.