Пірматов теңгені нығайтқан бірнеше факторды атады

АСТАНА. ҚазАқпарат – Осы жылдың басынан теңгенің долларға қатысты бағамы 3,1 пайызға нығайды. Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жыл басынан бастап мамыр айының соңына дейін теңгенің долларға қатысты бағамы 1 доллар үшін 448,16 теңгеге дейін 3,1 пайызға нығайды. Ұлттық банк валюталық интервенциялар жүргізген жоқ. Жыл басынан ұлттық валютаның нығаюы бірнеше фактормен байланысты болды. Біріншіден, ел ішінде де, бейрезиденттер тарапынан да теңгедегі құралдардың тартымдылығы сақталып отыр. Биыл жыл басынан бастап депозиттерді долларландыру деңгейі 2022 жылғы желтоқсандағы 31,6 пайыздан осы жылдың сәуір айының қорытындысы бойынша 29,3 пайызға дейін төмендеді. Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздарына инвестициялаған шетелдік инвесторлардың ағыны 94 млрд теңгеге ұлғайды», - деді Ғалымжан Пірматов.

Оның айтуынша, екіншіден, қаңтар-мамыр айларында Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету үшін 2,9 млрд доллар мөлшерінде валютаны сатуы және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің 1,6 млрд доллар сомасына валюталық түсімді сатуы теңгеге қолдау көрсетті. Теңге динамикасы нарыққа қатысушылардың күтулеріне, әлемдік нарықтардағы ахуалға және геосаяси жағдайдың өзгеруіне байланысты болады.

«Ұлттық банк дисбаланстардың жинақталуын болдырмайтын және алтын-валюта резервтерінің сақталуын қамтамасыз ететін икемді бағам белгілеу режимін ұстануды жалғастырады», - деді ол.