Пиротехника саудасы: Шымкентте 900 мың теңгеден астам айыппұл салынды

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Шымкентте үш тәулік ішінде 90 келі сертификатталмаған пиротехника бұйымдары тәркіленді. Бұл туралы қалалық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Ерғали Сүлейменов мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Полиция департаментінің қызметкерлері мен ТЖД мамандары күнделікті рейдтік іс-шаралар жүргізіп жатыр. Жалпы, 3 күн ішінде заңсыз саудаға шығарылған сертификаты жоқ 90 келі пиротехника бұйымдары тәркіленді. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық Кодексінің 196-бабы бойынша 12 әкімшілік хаттама толтырылып, 918 900 теңге көлемінде айыппұл салынған.

«Республика көлемінде 25 желтоқсан мен 3 қаңтар аралығында «Пиротехника» іс-шарасы өткізіліп жатыр. Басты мақсат – мереке күндері қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, балалар арасындағы жарақат алуды болдырмау, оқыс оқиғалардың алдын алу. Полиция департаменті тарапанын 110 қызметкерден 19 топ құрылып, ТЖД қызметкерлерімен бірлесіп күнделікті рейдтік шаралар жүргізіліп келеді», - деді Ерғали Сүлейменов.

Ал, Шымкент қаласы ТЖД бастығының орынбасары Аманбек Бейсенбаев рейдтік іс-шаралар кезінде 4 мыңнан астам азаматқа профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, жеке кәсіпкерлерге нұсқаулықтар мен жаднамалар таратылғанын атап өтті.

Ашық көздерден алынған фото