ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Жаңа жыл мерекесі жақындаған сайын құтқарушылар күшейтілген жұмыс режиміне көшеді. Өйткені осы күндері үйлер мен пәтерлерде өрт көбею қаупі бар.
«Отшашуларды пайдаланған кезде барынша абай болу қажет. Пиротехниканың көбінде секундына 3-5 миллиметр жылдамдықпен жанатын ұзын әрі жіңішке фитиль бар. Қауіпті аймақтың радиусы 60 метрге дейін жетуі мүмкін», - дейді ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Нұржан Өміржанов.
Пиротехниканы сатып алғанда жарамдылық мерзімі мен қаптаманың күйіне мән беріңіз. Тек осы өнімді сатуға лицензиясы бар мамандандырылған дүкендерден сатып алған жөн. Отшашуды үйде ұзақ уақыт сақтауға тыйым салынады. Бұл талапты бұзу жазатайым оқиғаларға немесе өртке әкеліп соқтыруы мүмкін.
«Пиратехника қаптамасы бүтін, жыртылмаған болуы тиіс. Оны жаққан кезде темекі шегуге мүлде болмайды. Көліктердің жанында да отшашуды атуға рұқсат етілмеген. 50 метр радиуста өрт қаупі бар объектілер болмауы қажет», - дейді Н.Өміржанов.