Питер Буриан: ЕО Орталық Азиядағы түрлі геосаяси ойындарға араласқысы келмейді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Еуропалық Одақ Орталық Азиядағы түрлі геосаяси ойындарға араласқысы келмейді. Керісінше, аймақтың гүлденуіне үлес қосқанды жөн көреді.

Бұл туралы Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасында елорданың 20 жылдығына арналған «Астана - бейбітшілік қаласы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция барысында Еуропалық Одақтың Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Питер Буриан мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ең алдымен, мен Астана қаласының 20 жылдық мерейтойымен құттықтағым келеді. Бұл өте маңызды дата», - деді Питер Буриан.

Осыдан кейін жалпы Орталық Азия мен Еуропалық Одақтың экономикалық байланысына ойысқан Питер Буриан қос аймақтың серіктестігіне үлкен сенім білдірді.

«Менің пайымдауымша, Еуропаның Қазақстан және Орталық Азиядағы өзге де мемлекеттер секілді өте сенімді серіктесі бар. Біз Сіздердің жаңғыру жолдарыңызды қолдай отырып, аймақтық серіктестік пен тұрақты даму бағытындағы қадамдарыңызға қолдау білдіреміз. Себебі, біздің ойымызша, аймақтық серіктестік қазіргі уақыттағы көптеген жаһандық сын-тегеуріндерге төтеп бере алады», - дейді Питер Буриан.

Оның айтуынша, Еуропалық одақ 2017 жылы Орталық Азияға арналған жан-жақты стратегияны қабылдаған.

«Біз Сіздердің аймақтарыңызда серіктесе еңбек етсек дейміз. Сыртқы істер министрімен (Қайрат Әбдірахманов - авт.) кездесу кезінде біздің өкілдер тіпті келешегі зор күн тәртібі туралы айтқан болатын. Демек, біз 2017 жылғы стратегияны жаңартып, аймақтағы жаңа жағдайларға бейімделсек дейміз. Сонымен бірге, біздің серіктестердің қажеттілігін көптеп қанағаттандыру жағын да ойластырсақ дейміз. Стратегия бойынша біз Сіздердің көшбасшылықтарыңызға үміттеніп отырмыз. Ұсыныстарыңызды өте мұқият тыңдалып жатыр. Менің ойымша, экономикалық серіктестікті бұдан да мығым бекіте түсіп, технологияларды алмасу жағын да ойластыру керек», - дейді Питер Буриан.

Еуропа Одағының Орталық Азия бойынша арнайы өкілінің айтуынша, Еуропалық Одақ әрдайым серіктестікке дайын.

«ЕО мәлімдейді: Біз аймақтағы (ОА - авт.) әртүрлі геосаяси ойындарға араласқымыз келмейді. Біз керісінше конструктивті түрде серіктесіп, осы аймақтың тұрақты түрде дамуына, гүлдену процесіне үлес қосқымыз келеді. Сондықтан, осы аймақтағы өзге де ірі ойыншылардың бастамасына, оның ішінде «Бір белдеу - бір жол» бағдарламасын ұсынып отырған Қытайға да қолдау білдіреміз. Сондай-ақ қазіргі уақытта өзара байланыс жүйесін әзірлеп жатырмыз», - деді ол.

Айта кетсек, Астананың 20 жылдығына арналған халықаралық конференцияны Елбасы кітапханасы, ҚР Сыртқы істер министрлігімен, ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Қорымен бірлесе ұйымдастырып отыр.