Питер Куиллин Геннадий Головкинмен кездесуге қарсы емес

АСТАНА. ҚазАқпарат - WBO нұсқасы бойынша орташа салмақтағы әлем чемпионы америкалық Питер Куиллин WBA (Super)/IBO чемпионы қазақстандық Геннадий Головкинмен кездесуге қарсы емес екенін мәлімдеді.

«Головкин, мен секілді, әлем чемпионына сай жұмыс істеп келеді. Рингке шыққан сайын біз өзіміздің үздік екенімізді дәлелдеуіміз керек. Меніңше, Головкиннің жеңісі оның дәл қазіргі уақытта үздік екенін дәлелдеп тұр. Біз Гилдің резюмесін білеміз ғой. Сонымен бірге, егер маған осындай мүмкіндік берсе, мен де бірінші орында болар едім. GGG-мен жекпе-жек, бокстағы басқа көптеген оқиғалар сияқты, мүмкін нәрсе. Бірақ мен келесі кездесуді кіммен өткізгім келетінін таңдау құқығы болса, онда мен Мигель Коттомен шығар едім. Мен оның кездесуін 13 желтоқсан күні Madison Square Garden-да өткізуді жоспарлап отырғанын естідім және мен біздің кездесуіміз үлкен оқиға болар еді деп ойлаймын. Котто чемпион болып саналады, оны жеңіп өз коллекцияма жасыл белдікті қосуға қарсы емеспін», - деп келтіреді Куиллиннің сөзін Tofight.ru. порталы.

Айта кетейік, Гилді жеңген кездесуден кейін Геннадий Головкиннің өзі келесі кездесуін Куиллин және Коттомен өткізгісі келетінін айтты. Қазақстандық рингке осы жылдың қазаны немесе қарашасында қайтып келуі мүмкін.