Пласидо Домингомен қазақ сахнасында бірге тұрып ән айту маған арман - Майра Мұхамедқызы

АНА. Маусымның 25-і. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Пласидо Домингомен қазақ сахнасында бірге тұрып ән айту маған арман.

Бірақ Астанада болатын оның концертіне ұйымдастырушылар мені неге қоспағандығын білмеймін.

 Ертең Астанада өткелі отырған концертке арналған баспасөз мәслихатында қазақтың опера әншісі Майра Мұхамедқызы осылай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 «Ол кісі шет елде жүргенде, дәл сіздің еліңізге, қазақ жерінде екеуіміз бірге ән салайықшы деп айтып еді. Пласидо Домингомен қазақ сахнасында бірге тұрып ән айту маған арман. Астана қаласының 11 жылдық мерекесіне орай ол концерт өткізеді. Бірақ ұйымдастырушылар мені бұл концертке неге қоспағандығын білмеймін», - деді М.Мұхамедқызы.

 Шілденің 5-і күні әлемге әйгілі тенор, опера әншісі Пласидо Доминго Орталық Азия аймағындағы тұңғыш концертін Астана қаласының 11 жылдық мерекесіне орай Тәуелсіздік сарайында өткізеді. Өнер кешін Астана қаласының Мемлекеттік филармониясының симфониялық оркестрі сүйемелдейді. Оған халықаралық дәрежедегі дирижер Юджин Кон жетекшілік етеді. Пласидо Доминго «Астана қаласында ұлттық мереке барысында концерт беретінім мен үшін үлкен мәртебе. Орталық Азия аймағындағы алғашқы сапарымды осынау ғажайып елден бастағалы отырмын», - деген болатын.

 Айта кетерлік тағы бір қызық жайт, әлемге әйгілі әнші қазақ тілін үйреніп жүрген көрінеді.