Өткен сенбі күні Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Күләш Байсейітова атындағы опера және балет театрында өткен көрнекті жазушы Әбіш Кекілбайұлының 70 жылдық мерейтойына арналған салтанатты кешке қатысып, қаламгерді құттықтады. «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санындағы «Қазақта осындай азаматтар көп болса екен!» деген тақырыппен берілген мақала қаламгердің мерейтойына арналыпты.
Осы тақырыптағы мақаланы «Айқын», «Астана ақшамы» басылымдарынан да оқи аласыздар.
«1990 жылдың басында Мәскеудегі КГБ-дан - КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінен - Кеңес Одағы Жоғарғы соты Әскери алқасының көшпелі сессиясы үкімімен атылған қазақстандықтардың бес жүзден астам алғашқы үлкен бір тобының тізімін алуға қол жеткізген болатын. Сол тізімнен Санжар Асфендияровтың 1938 жылғы 25 ақпанда атылғаны белгілі болды. Санжар есімі тізімде үшінші болып тұрған еді», деп жазған аталмыш басылымның «Тұлға» айдарымен берілген мақаласы «Қайраткер және ғалым» деген тақырыппенСанжар Асфендияровтың туғанына 120 жыл толуына орайластырылған.
Ұлы көршіміз - Қытай мемлекетінің қазіргі басшысы туралы әркімнің-ақ білгісі келетіні анық. «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санындағы «Ертеңіне сенімді елдің бүгінгі басшысы» деген тақырыппен берілген мақала Ху Цзиньтаоның өмір жолы мен оның саяси келбеті туралы жазыпты.
***
«Кеше Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов пен Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетов Астана маңына орналасқан, америкалық «Дженерал электрик» компаниясының озық технологияларын пайдаланатын ТМД кеңістігіндегі бірінші Локомотив құрастыру зауытынан шыққан 5- буындағы «Эволюшн» сериясындағы тұңғыш, үр жаңа тепловоздың тұсаукесер салтанатына қатысты». Толығырақ «Айқын» басылымының бүгінгі санындағы «Тұңғыш отандық тепловоз тұсауын кесті» деген мақалаға назар аударыңыз.
Осы тақырып «Егемен Қазақстан», «Астана ақшамы» газеттерінің назарынан да тыс қалмапты.
«Баспананың зарын тартып жүрген кейуана Алматының қақ ортасында да бар екен. Ақ қар, көк мұзда барар жер, басар тауы жоқ далада қаңғып қалған Әжібекова Ұлдана есімді тағы бір кейуана Алматының орталығындағы иесіз қалған бір дүңгіршекті кішкентай жиенімен бірге жылдар бойы паналап келеді. Ұлдананың жағдайымен таныса келе, біз шынашақтай Рамазанды аяп кеттік...»,- деп жзған «Айқын» басылымының бүгінгі санындағы келесі мақала «Көшеде қаңғып қалды, қарт кейуана...» деген тақырыппен панасыз қалған ананың дағдырына назар аударыпты.
Осы басылымның дәстүрлі «Ақ сөйле» айдарымен берілген «Мамандық таңдау» мектептерде міндетті пән болуы керек» деген тақырыптағы сұхбатта «Еңбек биржасы» мекемесінің директоры Батай Қабылов «Жол картасының» іске асырылу барысы жөнінде, «Дипломмен - ауылға» жобасының жүзеге асырылуы жайында және басқа да өзекті мәселелер төңірегінде ой өрбітеді.
Сонай-ақ басылымның «Танымал әннің тарихы» айдарында «Келін түсті, жолы ғой бұрынғының...»,- деп айтылатын әннің тарихы таныстырылыпты.
***
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың халықпен тікелей желі арқылы тілдесуі барысында елорданың тыныс-тіршілігіне қатысты өте көп сауалдар түсті. «Астана ақшамы» газетінің бүгінгі санында осы сауалдар төңірегінде Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов жауап беріпті.
«Астана қазағы арақ ішпейтін, ішсе де ақын Омардың айтқанындай «шамамен» ішетін, темекі шекпейтін кітапханаға баратын, қазақ газет-жұрналдарын жаздырып алып оқитын, театрға баратын, ондағы актерлардың ойынынан фальш байқай алатын және жөндеуді талап етуден тартынбайтын, демалысын дұрыс үйлестіретін болып қалыптасса деймін»,- дейді экономика ғылымдарының докторы, профессор Мырзагелді Кемел «Астана ақшамы» газетіне берген сұхбатында. Профессордың қоғамдық өмір төңірегінде ойларымен бөліскіңіз келсе, басылымдағы «Платон адамдарды таңдаулылар мен құлдар деп екіге бөлген» тақырыбымен берілген сұхбатқа назар аударыңыз.
«Жүсіпбек Арыстанов неге Брежневке хат жазған?». Осындай сауалға құрылған аталмыш басылымдағы келесі мақала Сталиндік қуғын-сүргін науқаны кезінде қуғынға ұшыраған, 1937 жылдың сәуірінен 1938 жылдың маусымына дейін «Социалистік Қазақстан» газетінің редакторы қызметін атқарған Жүсіпбек Арыстановтың өміріне тоқталыпты.
***
«Еңбек ері - елдің ері» - осындай тақырып арнаған «Казахстанская правда» жазушы Ә. Кекілбайұлының 70 жылдық мерейтойына назар аударып, бұл шараға Елбасының келіп қатысқанын жазады. Мемлекет басшысы жазушының мемлекеттік саяси қайраткер ретіндегі еңбегін жоғары бағалап, «Қазақстанның еңбек ері» атағымен марапаттап, кеудесіне Алтын жұлдыз таққанын айтады.
Қазақстан да «құс тұмауы» мен «шошқа тұмауына» қарсы өз вакцинасымен қарулануы мүмкін. Бұл турасында білгіңіз келсе, «Комсомольская правда-Казахстан» газетін қараңыз. Онда Білім және ғылым министрлігінде кеше осы вакциналарды таныстыру рәсімі өтті.
«Экспресс-К» газеті Қазақстанның диабет науқастарына қатысты проблеманы қозғаған. Газеттің жазуынша, денсаулық сақтау саласының шенеуніктері «артық төлеудің қажеті қанша?» қағидасымен осы сырқаттарған арналған дәрі-дәрмекті ең төменгі бағамен сатып алмақ. Яғни, мемлекетке ең төменгі баға ұсынған фирманың өнімдері ғана алынбақ. Осыған байланысты ҚР Диабетиктер қауымдастығының президенті Наталья Тукалевская өз уәжін алға тартып отыр.