Ал пневмонияның алғашқы белгілері қандай? Оны кәдімгі тұмау мен суық тиюден қалай ажыратамыз? Қандай жағдайда дәрігерге шұғыл қаралу қажет? Бұл туралы Jibek Joly телеарнасының «Бүгін.LIVE» бағдарламасында Пневмонияның алдын алу мен емдеу жолдарын пульмонолог Аягөз Берікқызы сұқбат берді.
Пневмония дегеніміз не және неден пайда болады?
Пневмония — өкпе тінін зақымдайтын жедел инфекциялық ауру. Ол өкпенің газ алмасу қызметіне кедергі келтіреді. Бактериялық пневмонияның кең таралған қоздырғыштарының бірі — Streptococcus pneumoniae, яғни пневмококк.
— Аурудың жеңіл, орташа және ауыр түрлері болады. Науқастың жағдайына қарай емдеу тәсілі таңдалады. Кейбір науқастар үй жағдайында емделсе, ауыр жағдайда ауруханаға жатқызу қажет. Пневмония шығу тегіне қарай ауруханадан тыс, ауруханаішілік және аспирациялық болып бөлінеді. Иммундық жүйесі әлсіреген адамдарда да кездеседі. Халық арасында жиі таралған түрі — ауруханадан тыс пневмония, — деді маман.
Пневмонияның алғашқы белгілері қандай?
Пульмонологтың айтуынша, кейде пневмония вирустық инфекциядан кейін асқынуы мүмкін. Мысалы, бала тұмау немесе ЖРВИ-мен ауырған кезде ағзаның қорғаныш қабілеті әлсірейді. Осы кезде бактериялық инфекция қосылып, өкпенің қабынуына әкелуі ықтимал. Мұны екінші реттік инфекция деп атайды екен.
— Мәселен, ауыз қуысында бактериялары бар адам тұмауратып жүрген баланы сүйген жағдайда, оған қосымша инфекция жұғуы мүмкін. Әсіресе баланың иммунитеті әлсіреп тұрған кезде инфекцияның асқыну қаупі жоғарылайды.Ата-аналар баланың жағдайын мұқият бақылауы керек. Егер баланың көңіл күйі өзгеріп, тамақ ішпей, әлсіреп, төсектен тұрғысы келмесе немесе әдеттегіден көп ұйықтаса, мұны елемеуге болмайды, — деді ол.
Дене қызуының жоғарылауы да маңызды белгілердің бірі. Әсіресе қызу бірнеше күн бойы түспесе, баланың тыныс алуы жиілесе немесе демігу байқалса, дәрігерге қаралу қажет. Пневмонияны тек дене қызуына қарап анықтау мүмкін емес. Нақты диагнозды дәрігер тексеруден кейін қояды.
Пневмония қаншалықты қауіпті?
Маман сөзінше, пневмония кезінде өкпедегі альвеолаларға, яғни газ алмасуға қатысатын ұсақ көпіршіктерге қабыну сұйықтығы жиналады. Соның салдарынан өкпенің оттегіні сіңіру қабілеті төмендейді.
— Қабыну үдеп, өкпенің үлкен аумағын қамтыса, тыныс алу қызметі нашарлайды. Мысалы, өкпенің төменгі бөліктері зақымданса, олардың газ алмасуға қатысу мүмкіндігі шектеледі. Ал ем уақытында басталмаса, инфекция одан әрі таралуы мүмкін, — деді Аягөз Берікқызы.
Пневмония — адам өміріне қауіп төндіретін ауру. Ауыр жағдайда өлімге де әкелуі мүмкін. Аягөз Берікқызының айтуынша, 2025 жылы пневмониядан 114 сәби қайтыс болды.
— Ал ересектер арасында пневмонияны анықтау біршама күрделі. Себебі олардың көбінде қосымша аурулар болады. Мәселен, жүрек-қан тамырлары аурулары мен басқа да созылмалы дерттер аурудың өтуін қиындатуы мүмкін, — деді ол.
Пневмонияны үй жағдайында емдеуге бола ма?
Пневмонияның жеңіл түрлерін дәрігердің шешімімен үй жағдайында емдеуге болады. Ол үшін алдымен аурудың қоздырғышын анықтап, науқастың жалпы жағдайын бағалау қажет.
Ал егер пневмония пневмококк сияқты бактериядан туындаса, сол қоздырғышқа әсер ететін антибиотик тағайындалады. Бұл ретте мамандар дәріні өз бетінше қабылдамай, дәрігерге баруды кеңес береді.
— Пневмонияны анықтау кезінде дәрігер өкпені тыңдайды. Тыныс алу кезінде естілетін сырылдар мен өкпенің кейбір бөліктерінде тыныстың әлсіреуі диагноз қоюға көмектеседі. Сонымен қатар микоплазма деген қоздырғыш бар. Ол тудыратын инфекция кезінде Амоксиклав, Аугментин сияқты кейбір кең таралған антибиотиктер әсер етпеуі мүмкін. Мұндай жағдайда басқа антибиотик қажет болады. Сондықтан дәріні өз бетінше таңдауға болмайды, — деді ол.
Спикер сөзінше, пневмонияны жай ғана суық тию деп қабылдап, шай немесе лимонмен емдеуге тырысу дұрыс емес. Науқас қатты әлсіресе, тыныс алуы қиындаса немесе жағдайы нашарласа, медициналық көмекке жүгіну керек.
— Ересектерде де аурудың белгілеріне мән берген жөн. Мысалы, тыныс алу қиындап, жүруге күш жетпесе, бұл дабыл қағатын белгі. Кейбір науқастарда ауру ауыр өтуі мүмкін. Пневмония анықталған жағдайда емді кейінге қалдырмай, дәрігер белгілеген емді уақытында бастау керек. Уақыт жоғалту аурудың асқынуына әкелуі мүмкін, — деді ол.
Пневмония тек суықтан пайда бола ма?
Көпшілік дененің тоңуын пневмониямен байланыстырады. Мысалы, жаңбыр астында қалып қою немесе суық суға түсу ауруды тікелей тудырады деп ойлайды. Осы тұста маман бұл пікірдің қате екенін ескертті.
— Пневмонияның негізгі себебі — инфекциялық қоздырғыштар. Оған бактериялар, вирустар, саңырауқұлақтар мен паразиттер себеп болады. Дененің тоңуы аурудың дамуына ықпал ететін факторлардың бірі болуы мүмкін. Адамның жалпы жағдайы, иммундық жүйесінің әлсіреуі және созылмалы аурулары да инфекцияның асқыну қаупіне әсер етеді.Мысалы, холецистит, цистит немесе пиелонефрит сияқты созылмалы аурулары бар адамдардың денсаулығына ерекше көңіл бөлу қажет, — деді маман.
Пневмониядан кейін өкпе қанша уақытта қалпына келеді?
Өкпенің қалпына келу мерзімі аурудың ауырлығына және зақымданған аумаққа байланысты. Жеңіл жағдайда адам бірнеше апта ішінде өзін жақсы сезіне бастайды. Ал ауыр пневмониядан кейін толық қалпына келу бірнеше айға созылуы мүмкін.
— Егер өкпенің бір бөлігі немесе үлкен аумағы зақымданса, ұзақ уақыт емделіп, оңалту шараларынан өту қажет. Аурудың өте ауыр түрінде науқас жансақтау бөлімінде емделуі мүмкін. Кейбір жағдайда ауруханада екі-үш айға дейін жатуға тура келеді. Толық қалпына келу алты айдан бір жылға дейін созылуы ықтимал. Дұрыс әрі уақытылы емделген жағдайда өкпенің қызметі біртіндеп қалпына келеді, — ол.
Пневмонияның алдын алу үшін не істеу керек?
Аягөз Берікқызының айтуынша, ең алдымен, салауатты өмір салтын ұстану қажет. Дұрыс ұйықтап, дұрыс тамақтануға көңіл бөлген жөн. Ауыз қуысындағы тіс жегісін уақытында емдеп, созылмалы ауруларды асқындырмау керек.
— Анемия, темір тапшылығы сияқты денсаулық мәселелерін де назардан тыс қалдырмаған дұрыс. Ағзаның қорғаныш қабілетіне әсер ететін ауруларды уақытында емдеу маңызды. Адам денсаулығына жауапкершілікпен қарап, ауру белгілері байқалған кезде дәрігерге қаралуы қажет, — деді Аягөз Берікқызы.
Аспирациялық пневмония дегеніміз не?
Пневмонияның тағы бір түрі — аспирациялық пневмония. Ол адамның ауыз қуысындағы сілекейі, тамақ қалдықтары немесе асқазан құрамындағы заттар тыныс жолдарына түсіп кеткен жағдайда дамуы мүмкін.
— Қалыпты жағдайда сілекей өңешке өтуі керек. Ал адам шашалып қалған кезде сұйықтық кеңірдекке түсіп кетуі ықтимал. Егер оның құрамында бактериялар болса, өкпеде қабыну үдерісі басталуы мүмкін. Сондықтан ауыз қуысының тазалығын сақтау маңызды. Өйткені ондағы бактериялар тыныс жолдарына түскен жағдайда инфекцияның дамуына ықпал етуі мүмкін, — деді спикер.
Айта кетейік, бұған дейін Астанада пневмониямен 192 бала ауруханада ем алып жатқанын жазғанбыз.