Пневмонияның көбеюінің бірнеше себебі бар — дәрігер
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстанда соңғы кезде, әсіресе, балалар арасында пневмонияның көбейе түскені байқалады. Осыған орай Kazinform БҚО жұқпалы аурулар ауруханасының директоры Надия Ахметовамен сұхбаттасқан еді.
— Надия Абрикқызы, өткен жылы пневмониядан қанша адам емделді, қазіргі ахуал қандай, алдымен осыған тоқталсаңыз?
— 2024 жылы облыстық жұқпалы аурулар ауруханасынан 379 адам аталмыш дерттен жазылып шықты. Соның ішінде 363-і — балалар. Бұл балалар арасында пневмонияның кең таралып отырғанын көрсетеді. Қазіргі кезде 38 бала пневмониядан емделу үстінде.
— Ендеше, пневмонияның бастапқы белгілері қандай?
— Бұл аурудың негізгі белгілері жөнінде айтсақ, дене қызуы жоғарылап, көбіне 38°С-тан асады. Екіншіден, қақырықты немесе құрғақ жөтел — микоплазмалық пневмонияда құрғақ, кейде шырышты қақырық бөлінеді. Үшіншіден, тыныс алған кезде кеуде тұсының ауыруы күшейеді. Төртіншіден, науқас ентігіп, тыныс алуының қиындағанын сезеді. Бесіншіден, иммунитеті төмендеп, шаршағыштық пен әлсіздік пайда болады. Алтыншыдан, басы және бұлшық еті ауырады, бұл — микоплазмалық пневмонияға тән қосымша белгілер.
— Ал аталмыш аурудан сақтану жолдары қандай?
— Дерттің алдын алу үшін вакцинация жасау керек. Пневмококк инфекциясына қарсы вакцина тиімді. Бұл, әсіресе, созылмалы ауруы бар адамдар үшін маңызды. Иммунитетті нығайту да керек. Ол үшін дұрыс тамақтанып, дәрумендер қабылдап, адам өз денесін шынықтыруы қажет. Тұмауға қарсы екпені салдыруды ұмытпаған абзал. Себебі тұмау пневмонияның асқынуына алып келуі мүмкін. Гигиеналық ережелерді сақтап, қолды жиі жуып, жеке бас тазалығына мән берген абзал. Қазіргідей қысқы мезгілде ауа райына сай киініп, ағзаны қатты суытуға жол бермеу маңызды.
— Дәрігер ретінде пневмония неліктен өсіп отыр деп ойлайсыз?
— Айтайын, мұның негізгі себептері мынадай. Ең алдымен әлемдік деңгейде вирустық инфекциялардың өршуі пневмонияның таралуына ықпал етеді. COVID-19 сияқты респираторлық вирустар пневмонияны тудыруы немесе асқындыруы мүмкін. Соңғы мәліметтерге сәйкес пневмония деректерінің шамамен 30 пайызы — микоплазмалық пневмония, бұл, әсіресе, балалар мен жасөспірімдер арасында көп кездеседі.
Тағы бір себебі — халықтың иммундық жүйесі әлсіреп, созылмалы аурулардың жиілеуі.
Экологиялық мәселені де айтпай кетуге болмайды. Әсіресе, ірі қалаларда ауаның ластануы тыныс алу жүйесіне қосымша жүк түсіреді. Аурудың алғашқы белгілері байқалған бойда дәрігер мамандарға жүгінбесең, бұл оның асқынуына әкеп соқтырады.
Қазақстан мен Батыс Қазақстан облысындағы қазіргі ахуал туралы айтсақ, соңғы мәліметтерге сәйкес вирустық пневмониялар саны тұрақты деңгейде сақталуда, бірақ тұмау кезеңінде аурудың көбеюі мүмкін. Микоплазмалық пневмонияға қатысты нақты деректер аз, алайда әлемдік тенденцияға сәйкес бұл көрсеткіш өсуі ықтимал.
Ресейде, әсіресе, балалар арасында микоплазмалық пневмония таралып жатыр. Ал әлемдік деңгейде COVID-19 әсерінен вирустық пневмонияның кең таралуы байқалады. Сонымен қатар тұмау маусымы пневмонияның жиілей түсуіне әсер етіп отыр. Қорыта айтқанда, дерттің өсуін азайту үшін профилактикалық шараларды сақтау, вакцинамен қамтамасыз ету және ерте диагностика маңызды. Маман ретінде біз халықты ақпараттандыруға және науқастарды уақытылы емдеуге басымдық беруіміз керек.
Тыныс алу жолдарының ауруын қоздыратын негізгі вирустар:
- Тұмау вирусы (Influenza): жыл сайынғы эпидемия туғызады;
- Коронавирустар: COVID-19 және басқа түрлері;
- Аденовирустар: көбіне балалар арасында таралады;
- Риновирустар: қарапайым суық тиюдің негізгі себебі;
- Респираторлық-синцитиалды вирус (RSV): балаларда ауыр пневмонияны тудыруы ықтимал.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда 140-қа жуық баланың пневмониядан емделіп жатқанын жазған болатынбыз.