Пномпень ауруханасында ауыр жағдайда Қазақстан азаматшасы жатыр

АСТАНА. 8 шілде. ҚазАқпарат - Қазақстан азаматшасы 48 жастағы Лариса Шамова 30 маусым күні ауыр жағдайда Пномпень қаласындағы Royal Rattanak hospital ауруханасына түсті, деп хабарлайды сыртқы саясат ведомствосының баспасөз қызметінен.

Аурухана қызметкерлерінің мәліметі бойынша, Л.Шамова Камбоджадағы туристік нысандардың бірінде жетіметрлік биіктіктен құлап кетіп, ауыр бас жарақатын алған. Оқиғаның ізін ала ол елдің солтүстік-батысындағы Сием Риеп қаласындағы Royal Angkor International Hospital ауруханасына жеткізіліп, жедел медициналық көмек көрсетілген. Содан кейін ел ордасы - Пномпень қаласындағы Royal Rattanak Hospital ауруханасына жеткізілген.

Дәрігерлердің айтуынша, Л.Шамова әлі есін жинаған жоқ, оның жағдайы өте ауыр деп бағаланып отыр және оған жедел операция керек.

Пномпеньге Бангкок арқылы транзитпен Шамованың ұлы ұшып шықты.