Подстепное – Федоровка – РФ шекарасы учаскесіндегі жол айрығы уақытша жабылды
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгіннен бастап Подстепное – Федоровка – РФ шекарасы автожолы учаскесіндегі жол айрығының құрылысына байланысты қозғалысқа уақытша шектеу енгізіледі.
— Биыл республикалық маңызы бар Подстепное — Федоровка — РФ шекарасы (Ақсай ө/п) автомобиль жолының 0-36 шақырым аралығындағы учаскесінде қайта жаңарту жобасы бойынша жұмыстар қарқынды басталды.
Жоба аясында Подстепное елді мекені мен әуежайды айналып өтетін 15 шақырымдық жол учаскесін салу қарастырылған. Аталмыш жолдың 266 шақырымында Ақтөбе — Орал автожолымен жанасатын «беде жапырағы» әдісімен көлік айрығын соғу жоспарланған, - деп жазды ҚазАвтоЖолдан.
Көлік айрығының учаскесінде негізгі жұмыстардың басталуына орай мердігер тарапынан 2025 жылғы 13 маусымнан бастап осы аралықта қозғалысқа уақытша шектеу енгізіледі. Балама айналма жол ұсынылады.
- Жол пайдаланушыларға сапарларыңызды алдын ала жоспарлап, жөндеу жұмыстары жүріп жатқан учаскеде жол белгілерінің талаптарын сақтауды сұраймыз, - делінген ақпаратта.
Айта кетейік, еліміздегі автожолдардың сапасын бақылау үшін 220 автожүйе орнатылады.