Forbes журналының бағалауынша, 84 жастағы Маккартнидің байлығы 1,4 млрд долларға (шамамен 625 млрд теңге) жеткен. Осы көрсеткіш бойынша ол музыка индустриясындағы ең ауқатты адамдар рейтингінде үшінші орынға тұрақтады.
Одан жоғары сатыда 2,8 млрд доллар байлығымен рэпер Jay-Z және 2 млрд доллар активі бар поп-әнші Тейлор Свифт тұр.
Музыкант байлығының негізгі бөлігі — авторлық құқықтан, музыкалық каталогтардан, концерттік турлерден түсетін табыс, сондай-ақ жылжымайтын мүлік пен өнер туындыларына салған инвестициялары.
Оның табыс көздерінің бірі — Маккартни 1969 жылы құрған MPL Communications баспа компаниясы. Бұл компания музыканттың өз шығармаларына және басқа авторлардың әндер каталогына қатысты құқықтарды басқарады.
Маккартни танымал әндердің авторлық құқығын сатып алу табысты бизнеске айналмай тұрып-ақ, музыка мұрасына инвестиция сала бастаған. Оның қоржынында рок-н-роллдың негізін қалаушылардың бірі Бадди Холлидің әндері, Бродвей мюзиклдерінің шығармалары және танымал рождестволық хиттер бар.
Маккартни The Beatles тобының холдингтік компаниясы Apple Corps арқылы да табыс табады. Компания стриминг платформалары, винил пластинкалар мен кәдесый өнімдерін сату есебінен жылына шамамен 50 млн доллар табыс табады. Маккартнидің өзі, Ринго Старр, сондай-ақ Джон Леннон мен Джордж Харрисонның мұрагерлері компания кірісінің төрттен бір бөлігін алады.
Бұған қоса, The Beatles әндерінен түсетін авторлық сыйақы Маккартниге жыл сайын шамамен 10 млн доллар әкеледі. Оның байлығының артуына әлемдік гастрольдік турлары да елеулі үлес қосқан. Атап айтқанда, 2022–2025 жылдары өткен Got Back турі аясында 79 концерт ұйымдастырылды.
Музыканттың өзге активтерінің қатарында Ұлыбритания мен АҚШ-тағы жылжымайтын мүлкі, сондай-ақ Пабло Пикассо мен Рене Магритт картиналарын қамтитын өнер туындыларының коллекциясы бар.
Пол Маккартни The Beatles тобының құрамында әлемге танылды. Ұжымда онымен бірге Джон Леннон, Джордж Харрисон және Ринго Старр өнер көрсетті. Топтың Please Please Me атты дебюттік альбомы 1963 жылы жарық көріп, «битломания» дәуірінің басталуына негіз болған маңызды оқиғалардың біріне айналды.
Кейін The Beatles музыка тарихындағы ең көп альбом сатқан топ атанды. Олардың жазбаларының әлемдік сатылымы 600 миллион данадан асқан. Топ шығармашылық жолында сегіз «Грэмми», төрт Brit Awards, «Оскар» және 14 Айвор Новелло сыйлығын иеленді.
1970 жылы топ тарағаннан кейін Маккартни жеке шығармашылық жолын бастап, алғашқы жеке альбомын шығарды. Кейін ол жұбайы Линда Маккартни және музыкант Денни Лэйнмен бірге Wings тобын құрды.
Еске салайық, бұған дейін Илон Маск байлығы 600 миллиард доллардан асқан алғашқы адам болғанын жазған едік.