Польша «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысатынын растады (ФОТО)

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2016 жылдың 29 ақпанында «ЭКСПО-2017» көрмесінің Комиссары, ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Рәпіл Жошыбаев Польшаға сапармен барды, деп хабарлайды ҚР СІМ-нің баспасөз қызметінен.

Варшавада Р.Жошыбаев Польша Республикасының Президенті Анждей Дудамен кездесіп, олар екіжақты ынтымақтастықтың маңызды мәселелері мен болашағын, сондай-ақ Польшаның «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысуын талқылады. Р.Жошыбаев Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан шақыру қағазының түпнұсқасын табыстады. Өз кезегінде, А.Дуда оның елінің «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысуға дайын екенін мәлімдеп, алдағы көрменің екі ел арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі нығайту және кеңейтудің тиімді құралдарының бірі болатынына сенімін білдірді.

Сондай-ақ сапар аясында «ЭКСПО-2017» комиссары Польшаның Спорт және туризм министрі Витольд Банякпен, Қоршаған орта министрі Ян Шишкомен, Сыртқы істер министрінің орынбасары Марек Жюлковскиймен, даму вице-министрі, экономикалық ынтымақтастық бойынша қазақстандық-поляк үкіметаралық комиссияның тең төрағасы Радослав Домогальскиймен, сондай-ақ Польшаның «жасыл» энергетика саласындағы компаниялардың басшыларымен кездесті.

Сапар аясында «ЭКСПО-2017» көрмесінің таныстырылымы мен Польшаның ірі компаниялары мен БАҚ басшылары үшін баспасөз мәслихаты ұйымдастырылды, онда Р.Жошыбаев көрмеге қатысу талаптары туралы баяндап, поляк бизнесінің өкілдерін оған белсенді қатысуға шақырды.

Соңғы жаңалықтар