Польша Қазақстанмен АӨК саласында бірлескен өндіріс ошағын ашуға қызығушылық танытуда

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның Польшадағы Елшісі Ерік Өтембаев аталған елдің Ауыл шаруашылығы және ауылды дамыту министрі Кшиштоф Юргельмен кездесті. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Кездесу барысындағы негізгі тақырып Қазақстанмен агроөнеркәсіп кешенін дамытудағы ынтымақтастықты жандандыру мәселелері болды.

К.Юргель өз сөзінде Қазақстан Орталық Азиядағы Польшаның маңызды серіктесі екендігін атап өтті. Польяк компаниялары АӨК өнімдерін өзара саудалауды жандандыруға, бірлескен өндірісс орындарын ашуға және аталған секторға бірлесіп қаржы құюға барынша мүдделік танытып отыр. Польяк министрінің айтуынша, бұған Польша кәсіпкерлерінің Алматыда өтетін World Food Kazakhstan халықаралық көрмесіне жылсайын тұрақты қатысуы және Қазақстандағы тұрақты бизнес миссия нақты дәлел бола алады.

Кездесу барысында тараптар қазақстандық аграрийлер үшін Варшавада арнайы семинар өткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізді.

Польяк кәсіпкерлерінің іскерлік белсенділігін қолдау және өзара іс-қимылды жандандыра түсу үшін Е.Өтембаев агроөнеркәсіп секторындағы кластерлік жобаларды жүзеге асыруға өндірістік және қайта өңдейтін ауыл шаруашылығы компанияларын тарту қажеттігін ұсынды. Осыған орай тараптар 2016 жылы Қазақстанда сәйкесінше бизнес-миссия ұйымдастыру туралы уағдаластыққа келді.

Сонымен бірген тараптар ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық туралы екіжақты үкіметаралық келісім жасасу мәселесін де қарастырды. Аталған құжат жобасы бүгінде тараптардың келісуіне жолданған.

Қазақстандық дипломат К.Юргельді ауыл шаруашылығы саласындағы екіжақты ынтымақтастықты тереңдете түсуге тың серпін беру үшін ағымдағы жылы Қазақстанға сапармен келуге шақырды.

Сондай-ақ ағымдағы жылдың 18 қаңтары күні Е.Өтембаев Польша Премьер-Министрінің орынбасары, Даму министрі Матеуш Моравецкиймен кездесті. Кездесу барысында таяу жылдары ішіндегі екі мемлекеттің сауда және инвестиция салаларындағы ынтымақтастығын кеңету жоспары талқыланды.